Бибісара әзірге төртінші орында

Елена Рыбакина финалға бір табан жақындады. Канаданың Торонто қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир жалғасып жатыр.

Дәл қазір жартылай финал аясында қазақстандық Елена Рыбакина мен америкалық Кори Гауфф арасындағы кездесу өтуде. Жеңіске жеткені бас жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алады. 

Бибісара әзірге төртінші орында. Американың Сент-Луис қаласында шахматтан әйелдер арасындағы супертурнир жалғасып жатыр. Cairns Cup деп аталатын байрақты бәсекеге жыл сайын әлем үздіктері жиналады. Араларында қазақстандық Бибісара Асаубаева да бар. Ол жарыстың алғашқы күндері үш шахматшымен кездесіп, үшеуімен де тең түсті. Алдымен украиналық Анна Музычукпен, одан кейін үндістандық Рамешбабу Вайшалимен және америкалық Элис Лимен болған партияларда жеңімпаз анықталмады. Осылайша қазір қазақ қызының еншісінде 1,5 ұпай бар және жалпы есепте алдыңғы бестікте тұр. Енді ол Қытай, Грекия, Швейцария қыздарымен кездеседі. Бас-аяғы 9 ойын өткізеді. Сент-Луис қаласындағы турнир 20 тамызға дейін жалғасады. Оның жалпы жүлде қоры 250 мың долларды құрайды. Жеңімпазға 60 мың доллар беріледі.

Спорт ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Астанада отандық спорттың дамуына үлес қосып, Олимпиада ойындары мен Әлем чемпионаттарында көк Туымызды көтерген батыр ата-апаларға арналған жиын ұйымдастырылып, ерекше сый-құрмет жасалды. Басқосу барысында саладағы түйткілді мәселелер талқыланды. Ұсыныстар мен жоспарлар ортаға салынды.

Айта кету керек, шара спорт күні қарсаңында өтті. Осы датаға байланысты елімізде спорт апталығы басталған еді және оның аясында 250 әртүрлі форматтағы шара болады. Соның бірі ретінде елордада 150-ден аса спорт ардагерлерін жинап, алғаш рет форум жасалды. Енді алдағы уақытта осындай басқосуларды жиі өткізіп, тісқаққан мамандардың тәжірибесі мен белсенділігін отандық спорттың игілігіне қолдану көзделіп отыр.

«Тобыл» мен «Партизан» кездеседі

«Тобыл» өз алаңында «Партизанды» қабылдайды. Қазақстандық және сербиялық клубтар бүгін УЕФА Конференциялар лигасының іріктеу кезеңі аясында кездеседі. Белград қаласында өткен алғашқы мачта «Партизан» 3:0 есебімен жеңген болатын. Енді Қостанай қаласындағы қарымта мачта Мирослав Ромащенко шәкірттері есе қайтаруға барын салады. «Бұл мүмкіндікті жібермеуіз керек. Сондықтан соңғы күндері осы ойынға қызу дайындалып жатырмыз. Салқынқанды және сауатты ойнауымыз қажет. Жігіттер де жауапкершілікті жақсы түсініп тұр», - деді бас бапкер кездесу алдындағы баспасөз мәслихатында.

«Тобыл» мен «Партизан» арасындағы матч  19.50-де басталады. Жеңіске жеткен команда УЕФА Конференциялар лигасы іріктеу кезеңінің плей-оффына шығып, испаниялық «Хетафе»-мен кездеседі. Жеңіліп қалғаны еурокубок жолындағы жорығын аяқтайды.