Әртістік жүзу: Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында үздік ондыққа кірді
Будапештте (Венгрия) өтіп жатқан әртістік жүзуден жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық сайыста сегізінші орын алды, деп хабарлайды 24KZ Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Әлем біріншілігінің командалық сайысында (техникалық бағдарлама) Қазақстан құрамасы 250,0992 ұпай жинап, сегізінші орынға ие болды.
Бұл бәсекеде Ресей құрамасы 290,1267 ұпаймен жеңіске жетті. Қытай спортшылары 283,0642 ұпай жинап, екінші орынға тұрақтаса, Испания құрамасы 273,0474 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, бүгін, 13 тамызда, Қазақстан құрамасы жұптық сайыста (техникалық бағдарлама) өнер көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында бір медаль бар. Бұған дейін Виктор Друзин техникалық бағдарламада қола жүлдеге ие болған.