ҰОК Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесіне қатысты апелляция беруі мүмкін

olympic.kz

Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында 42 шақырым 195 метрге спорттық жүру марафонында мәреге бірінші болып келген қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесі ресми түрде жойылды. Спортшының қолданған аяқкиім үлгісі жарысқа рұқсат етілмеген тізімге кіргенін Ұлттық Олимпиада комитеті растады, деп хабарлайды «24KZ». Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережелеріне сай, мұндай жағдайда нәтиже жарамсыз деп танылып, қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізіледі.

World Athletics (Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығы) ережелеріне сәйкес, жарыс аяқталған соң әйелдер мен ерлер арасындағы жүлдегер үштікке міндетті түрде аяқкиім тексеруі жүргізілді. Тексеру барысында техникалық делегаттар қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаева киген аяқкиім үлгісінің World Athletics бекіткен тізімінде жоқ екенін анықтады.

Мәселені одан әрі қарау үшін қазақстандық спортшының аяқкиімі суретке түсіріліп, тиісті мәліметтермен бірге ресми қорытынды алу үшін World Athletics-ке жолданды. Халықаралық федерацияның жауабы келгенге дейін марапаттау рәсімі кейінге шегерілді.

World Athletics-тің спорттық аяқкиімге қойылатын талаптары халықаралық федерация Кеңесінің 2026 жылдың 19 наурызындағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірден бастап күшіне енді. Бұл жөнінде World Athletics-ке мүше барлық ұлттық федерацияға тиісті ақпарат жолданды. Аталған ережелер күшіне енген сәттен бастап жарысқа қатысушылардың барлығы үшін міндетті болып саналады. Оларды сақтамау спортшы нәтижесінің жойылуына әкелуі мүмкін.

Осы Азия ойындарында мұндай жағдай бұған дейін жетісайыста өнер көрсеткен ирандық спортшы Мохитзадеге қатысты да болған. Тексеру барысында оның пайдаланған аяқкиім үлгісі де World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екені анықталды. Ережеге сәйкес оның нәтижесі жойылды. Қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізілгеннен кейін бұған дейін төртінші орында тұрған қазақстандық Алина Чистякова үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.

Мәселе туындаған сәттен бастап Қазақстан ҰОК спортшыға қажетті қолдау көрсету және апелляция беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында World Athletics, Asian Athletics Association, Азия Олимпиадалық кеңесі және Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр, -делінген Ұлттық Олимпиада комитеттінің ресми мәлімдемесінде. 

Сондай-ақ оқыңыз: