Погба жұмыссыз қалды
Жұрттар Родриге таласып жатса одан үш жас үлкен Поль Погба ешкімге керексіз боп қалды.
Бір кездері жарқ ете қалған жартылай қорғаушы Манчестер Юнайтед пен Ювентусті төрге сүйреген кезі есімізде. Погбаның бір-ақ күнде басынан бақ тайды. Допинг қоkданғаны үшін екі жарым жыл бойы өзінің сүйікті ісімен шұғылдана алған жоқ. Былтыр жаза мерзімі аяқталып, Монакомен келісім-шартқа отырғанда Погба қайтадан жарыққа шығады деген үміт болған. Бірақ жарқырай алмады. Монако сапында тек 6 кездесуде ғана алаңға шыққан футболшы жақында тағы жарақат алыпты. Енді міне Монако клубының басшылары Польмен 2027 жылдың жазына дейнігі келісім-шартты тоқтатуға мәжбүр болды. Осылайша Поль Погба жұмыссыз қалды.
Баскетболшылар барын салады
Тамыздың 26-сы мен 31-і аралығында баскетболдан Азия кубогының бірінші іріктеу кезеңі басталады. А тобының ойындарын Дубай қаласы қабылдаса, С тобындағы командалар Серембан қаласында сынға түседі. Ал Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында Шри-Ланка мен Мальдив аралдары, Палестина мен Қырғызстан және Қазақстан құрамалары бақ сынайды. Айналым жүйесі бойынша әрбір команда төрт ойыннан өткізіп, алғашқы үштіктен көрінгендер екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.
Александр Лысяк, Баскетболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:
- Алдағы болатын жауапты кездесулерге жан-жақты дайындық жүргізіп жатқан жайымыз бар. Жергілікті жанкүйерлер алдында жігіттердің аянып қалмасы анық. Біздің мақсатымыз тек бірінші іріктеу кезеңінде ғана емес, қараша айында өтетін екінші раундтта топ жару. Сондықтан жанкүйерлер Балуан Шолақ сарайына келіп, баскетболшыларға қолдау көрсетсе деген тілегіміз бар.
Бапкерлер құрама сапына тәжірибелі ойыншылармен қатар ұлттық біріншілікте көзге түсіп жүрген жастарға да шақырту берді. Шаим Қуанов пен Антон Быков және Руслан Айтқали мен Абат Марат, сондай-ақ Александр Ермаков пен Рамазан Самсиндер бар шеберлігімізді көрсетеміз деп отыр.
Рамазан Самсин, Қазақстан құрамасының ойыншысы:
- Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін тамыздың 27-сі күні Мальдив аралдарымен өткізеді.
Родри «Барсаны» таңдады
Ордабұзар жастағы Родриго Эрнандес Реал емес, Барсаны таңдады. Осылайша екі мықтының арасындағы текетірес трансфер кезінде де жалғасып, бұл жолы каталониялықтардың асығы алшысынан түсті. Алдымен Родри Реалға келеді деген әңгіме шыққаны рас. Сол кезде Мадрид жанкүйерлерінің қуанышында шек болған жоқ. Иә, Родри секілді футболшылардың күнде туа бермейтіні анық. Бірақ жартылай қорғаушының Барсаны таңдауы да бекерден емес. Біріншіден, бұл клубтың сапындағы біраз ойыншыны Родри жақсы таниды. Ұлттық құрама сапында бірге әлем чемпионы болды. Сондай-ақ команданың болашақ жоспарымен де жақсылап танысса керек, қабырғасымен кеңесе келе Каталонияға келуді жөн көріпті. Трансфер құны 60 млн еуро. Одан бөлек 16 млн қосымша үстем ақысы бар. Жеті жыл бойы Манчестер Сити сапында жасындай жарқылдаған жартылай қорғаушы енді 2030 жылға дейін Барселонаның намысын қорғайды.