46 жастағы Роналдиньо 300-ші голын соғу үшін кәсіби футболға қайта оралды

Фото: depositphotos.com

Бразилия футболының аңызы Роналдиньо 46 жасында Италияның Серия C лигасында ойнайтын «Равенна» клубының ойыншысы атанды, деп хабарлайды 24KZ ravenna football club сайтына сілтеме жасап.

Келісім маусым айында жасалған. Ал 20 тамызда Роналдиньо Италияда жанкүйерлерге ресми түрде таныстырылды. Бұдан бөлек, бразилиялық футболшы клубтың инвесторларының біріне айналды.

Жаңа түстер — сол баяғы күлкі. Доппен қайтадан билеп, жаңа әрі әдемі тарих жазуды асыға күтіп жүрмін. Сиқыр басталсын! — деді Роналдиньо.

«Алтын доп» иегері Серия C турниріне қатысу үшін ресми түрде тіркелуі мүмкін. Ол «Равенна» сапында бір ойын өткізуі ықтимал. Алайда бразилиялық футболшы маусымның алғашқы матчында «Реджанаға» қарсы алаңға шықпайды.

Роналдиньо өзі де ойынға қатысуы мүмкін екенін айтып, мансабындағы 300-ші голын соққысы келетінін жеткізді.

Футболшы соңғы ресми матчын 2015 жылы «Флуминенсе» сапында өткізген. Ал 2018 жылы кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеді.

Роналдиньо — 2002 жылғы әлем чемпионы, Чемпиондар лигасының жеңімпазы және 2005 жылғы «Алтын доп» иегері. Ол мансабында «Пари Сен-Жермен», «Барселона» және «Милан» клубтарының намысын қорғаған.