Қазақстанда спортпен айналысатындар үлесі 47,7%-ға жетті
Қазақстанда үш жастан асқан тұрғындардың жартысына жуығы дене шынықтырумен және спортпен айналысады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 12 мың үй шаруашылығы арасында жүргізген зерттеуінде айтылды, деп хабарлайды «24KZ».
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2026 жылы қазақстандықтардың 47,7%-ы дене шынықтырумен немесе спортпен айналысады. Бұл көрсеткіш бір жылда 1,2 пайыздық тармаққа өскен. 2025 жылы спортпен шұғылданатындардың үлесі 46,5% болған.
Спортпен айналысатындардың 19,2%-ы бос уақытында өз бетінше жаттығады. Ал 28,1%-ы білім беру ұйымдарындағы спорттық сабақтарға қатысады. Сауалнамаға қатысқандардың 0,4%-ы спортпен кәсіби түрде айналысатынын көрсеткен.
Қала тұрғыныдары белсендірек
Дене шынықтырумен және спортпен айналысатындар қалада көбірек. Қала тұрғындарының 49,3%-ы спортпен шұғылданса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 45%-ды құрады.
Қала тұрғындары бос уақытында өз бетінше жаттығуды да жиі таңдайды. Мұндай азаматтардың үлесі қалада 22,2%, ал ауылдық жерлерде 13,7% болды.
Қай жастағылар спортқа көбірек көңіл бөледі?
Өз бетінше дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың арасында 36-48 жастағылар көш бастап тұр. Олардың үлесі 28,4%.
Одан кейін:
• 17-28 жас – 18,6%;
• 58 жастан жоғары – 16,6%;
• 29-35 жас – 16%;
• 49-57 жас – 15,4%.
Жынысына қарай көрсеткіштер де шамалас. Өз бетінше спортпен айналысатындардың 51%-ы ерлер, 49%-ы әйелдер.
Қай өңірлерде спортқа қызығушылық жоғары?
Жас ерекшелігіне қарай өңірлер арасында да айырмашылық бар. Мәселен, 17-28 жастағы жастар арасында өз бетінше спортпен айналысатындардың ең жоғары үлесі Маңғыстау облысында – 48,1%. Одан кейін Қызылорда облысы – 31%, Ақтөбе және Ұлытау облыстары – 28,9%.
Ал 36-48 жастағылар арасында ең жоғары көрсеткіш Павлодар облысында – 42,6%, Жамбыл облысында – 40,8% және Шымкентте – 39,2% тіркелген.
58 жастан асқан тұрғындар арасында Солтүстік Қазақстан облысы – 32,7%, Қостанай облысы – 32,2% және Алматы қаласы – 30,3% көрсеткішімен алда тұр.
Жалпы, зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың спортқа деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді. Бір жыл ішінде дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың үлесі 1,2 пайыздық тармаққа өскен.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз