Қырғызстан Президентінің баспасөз хатшысы көшпенділер ойындарының қорытындысын жариялады

Қырғызстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытындысын шығарып, медальдарды қайта есептеу нәтижесін жариялады, деп хабарлайды «24KZ».

Оның айтуынша, ауқымды халықаралық дода жоғары деңгейде өтіп, нағыз спорт мерекесіне айналды. Әсіресе, көрермендердің ерекше ықыласына бөленген көк бөрү және көкпар сайыстары тартысты өтіп, Қырғызстан мен Қазақстан командалары жоғары шеберлік көрсетті.

Турнирдің медальдық есебіне қатысты пікір білдірген Алагөзов орын алған техникалық түсініспеушілікке тоқталды.

Ұйымдастыру комитетінің бүгінгі қабылдаған шешіміне сәйкес, Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысының жеке медальдары бөлек есепке алынды. Осылайша, көрсеткіштер қайта есептеліп, нәтижесінде Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!

Сонымен қатар, Қырғызстан спортшылары да додада барын салып, өздерінің мықтылығы мен жоғары кәсібилігін дәлелдегені атап өтілді.

Медальдар есебі – спорттың бір ғана құрамдас бөлігі. Ал бұл ойындардың басты жеңісі – жарысты өзара құрмет пен адал бәсеке рухында өткізе алғанымызда. Біз бауырлас халықтардың бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте көрсете алдық, – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі бұған дейін ел құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль, оның ішінде 32 алтын, 20 күміс және 22 қола алғанын хабарлаған. Министрліктің есебінде Қазақстан бірінші орынға, Қырғызстан 30 алтын медальмен екінші орынға жайғасқан.

Сондай-ақ оқыңыз: