«Барыс» екінші ойында жеңіске жетті
Жапониядағы жазғы Азия ойындарының басталуына 9 күн қалды. Дүбірлі додада 43 спорт түрінен жалпы саны 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Оған Азияның 45 елінен 10 мыңнан аса атлет қатысады деп күтілуде.
Ал Қазақстан спорттың 35 түрінен сынға түсіп, ел намысын 571 отандасымыз қорғайды деп жоспарланып отыр.
«Барыс» қатарынан екінші мәрте жеңіске жетті. Құрлықтық Хоккей лигасының 2-ші турында өз алаңында Уфаның «Салават Юлаев» командасын қабылдап, 8:6 есебімен басым түсті. Алғашқы кезеңде елордалықтар қарсылас қақпасына 4 шайба енгізсе, оған ресейлік клуб 1 голмен жауап берді.
Екінші кезеңде қос ұжым екі-екі шайбадан соғып үлгерді. Шешуші кезеңде «Барыс» тағы 2 шайба соқса, «Салават Юлаев» 3 мәрте көзге түсті. Енді елордалық команда 12 қыркүйекте өз алаңында Ресейдің «Амур» клубын қабылдайды.
Айта кетейік, осыған дейін «Барыс» «Сибирьді» 7:1 есебімен тас-талқан қылып ұтқан еді.
Михаил Кравец, «Барыстың» бас бапкері:
- Біздің жігіттер шабуылда өте жақсы ойнады. Тек шабуылдан ғана емес, қорғаныста да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Әсіресе бірінші кезең ерекше ұнады. Жігіттердің бар күшін салып, 200 пайызға дейін беріліп ойнайтыны қуантады. Ал жіберіп жатқан қателіктері – олардың жастығына байланысты болатын заңды нәрсе. Біз осыларды қайта-қайта талдап, қарап, қателіктерімізді түзеуге тырысып жатырмыз.
ҚПЛ: «Қайрат» ішкі біріншілікте көш бастады
Футболдан «Қайрат» клубы Қазақстан премьер-лигасында көш бастады. Алматылықтар кеше өз алаңында елордалық «Жеңісті» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Ойынның 20-минутында Эдмилсон есеп ашса, 63 минутта Марк Гуаль гол соғып, есепті еселеді.
Сондай-ақ матчтың 86-шы минутында Луиш Мата мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын 3:0 ге жеткізді. Дәл қазір турнирлік кестеде «Қайрат» 57 ұпаймен көш бастап тұр. «Ордабасы»55 ұпаймен екінші орынға сырғыса, «Астана» 45 ұпаймен 3-орында келе жатыр.