Бибісара Асаубаева Үндістандағы беделді турнирде матчың үздік ойыншысы атанды

Kazchess.kz

Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева Бангалорда өтіп жатқан беделді Tech Mahindra Global Chess League-2026 коммерциялық турнирінің сегізінші турына қатысып, өз командасына маңызды жеңіс әкелді, деп хабарлайды «24KZ».

Тартысты бәсекеде ресейлік шахматшы Полина Шувалованы 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді. Осы жарқын жеңісінің арқасында супертурнир ұйымдастырушылары қазақстандықты ресми түрде матчының үздік ойыншысы (Player of the Match) деп таныды.

Сарапшылар Бибісараның эндшпильдегі мінсіз техникасын және уақыт тығырығы кезінде қарсыласының қателігін тиімді пайдалана білген сабырлылығын ерекше атап өтті.

Бұл жеңіс Бибісараның командасына турнирлік кестедегі ұпайларын түгендеп, көшбасшы үштіктен орын алуға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, жүлде қоры 1 000 000 долларды құрайтын Global Chess League әлемдегі ең ірі коммерциялық командалық турнир болып табылады және ол 13 қыркүйекте мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, 22 жастағы Бибісара Асаубаева – қазақстандық және әлемдік шахматтың жұлдызы, Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы. Ол 2025 жылы ерлер арасындағы толыққанды гроссмейстер атағын алған тарихтағы екінші қазақстандық әйел атанып, 2026 жылдың маусымында Ослода өткен әйелдер арасындағы Norway Chess супертурнирінде топ жарған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз: