Ақтауда тоғызқұмалақтан ел чемпионаты өтіп жатыр
Ақтауда тоғызқұмалақтан XI командалық Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Ерлер мен әйелдер ұлттық интеллектуалдық ойынның блиц және классикалық түрі бойынша өзара сынға түсіп жатыр.
Жарыста ең көп ұпай жинаған үздік командалар қыркүйектің соңында Еуропада болатын әлем чемпионатында ел құрамасы сапында өнер көрсетеді.
Ел чемпионатына 13 облыстан келген 170-ке жуық ерлер және әйелдер қатысуда. Арасында «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» атанған 4 спортшы бар. Тағы 20-дан астам қатысушы тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. «Күні кешегі дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел қоржынына бірнеше медаль салған спортшылардың толық құрамда келуі, жарыстың маңыздылығын арттыра түсті» - дейді ұйымдастырушылар.
Бауыржан Төлегенов, тоғызқұмалақтан ел чемпионатының бас төрешісі:
- Осы кеше VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары Қырғызстан Республикасында өтті. Әдемі, жақсы өткен жарысқа бізден тек қана осы тоғызқұмалақ емес, тоғызқұмалаққа ұқсас түріктің «Мангала» және Африканың «Овари» деген ойынында балалар қатысты. Сол жарыста алтын, күміс, қола алған барлық спортшыларымыз отыр осында.
Ұлттық спорт бәсекесіне Астана қаласының тоғызқұмалақтан үздік спортшылары да қатысып жатыр. Биғали Зкрияев, Құндыз Есіркеп және Гүлнар Базаралиеваның VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жоғары нәтиже көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік награда алғанын атап өту керек.
Биғали Зкрияев, тоғызқұмалақтан ел құрамасының спортшысы:
- Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтыр ұлттық спорт түрлерін олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірді. Оның нәтижесін биыл VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында көрдік: Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Осы жетістіктерге Президент жоғары баға беріп, жеке қабылдауында 2024 жылғы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жеткен спортшыларды марапаттады. Атап айтқанда, алғаш рет жеңіске жеткен спортшыларға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталса, екінші рет жеңімпаз атанған спортшылар «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл – Мемлекет басшысының ұлттық спортқа деген жоғары бағасы мен үлкен қолдауының айқын көрінісі.
Гүлнар Базаралиева, тоғызқұмалақтан ел құрамасының спортшысы:
- Қызықты дерек айта кететін болсақ, соңғы күні бізде көкпар және тоғызқұмалақ сияқты интеллектуалдық ойыны қалған болатын. Тек қана тоғызқұмалақтан емес, Мангала ойынын қоса есептегенде, жалы көлемде еліміздің қоржынына соңғы 6 алтын медальді иеленіп, яғни 2 медаль аралықта Қырғыз елінен Қазақстан алға шығып, бірінші орынды иеленген болатынбыз. Яғни соңғы нүктені осы біздің тоғызқұмалақшылар қойды деп айта аламын.
Тоғызқұмалақтан XI командалық Қазақстан чемпионаты Ақтауда 10 қыркүйекте басталды. Жарыс жеңімпаздарының есімдері 17 қыркүйекте белгілі болмақ. Жүлделі І және ІІ орынға лайық деп танылған командалардың мүшелеріне «Спорт шебері» атағы беріледі. Сондай-ақ үздік ойыншылар 20-28 қыркүйек күндері Румынияда болатын әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев