Атырауда садақ атудан әлем кубогы өтіп жатыр
Атырауда «Алтын Орда» дәстүрлі садақ ату сайысы бойынша Әлем кубогы сарапқа салынып жатыр. Оған 200-ден астам мерген жиналды.
«Сайыстың мақсаты – ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, спортшылардың шеберлігін шыңдау», - дейді ұйымдастырушылар.
Әлемдік деңгейдегі дүбірлі додада отандық садақшылармен қоса 18 елден келген 100-ге тарта мерген бас қосты. Салтанатты іс-шараны ашқан Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов спортшыларға сәттілік тіледі.
Болат Ақшолақов, облыс әкімі:
- Атырау – «Алтын Орда» дәуірімен тікелей байланысты, терең әрі бай тарихы бар қасиетті мекен. Сондықтан дәстүрлі садақ ату бойынша әлем кубогының Атырауда «Алтын Орда» атауымен өтуінің ерекше символдық мәні бар.
Садақшылар сайысының алғашқы күні Пута нысанасын көздеуде отандасымыз Рүстем Аманғалиев пен қырғызстандық Алмаз Джунусов ақтық сынға шықты. Ал қыздар арасында қазақстандық Айкөркем Батихан мен Қырғыз елінен келген Чолпанай Умуркулова бас жүлдені сарапқа салады. Жалпы соңғы жылдары садақ ату кең қанат жайып, алыс шетелдерде де жандана бастаған.
Алмаз Дужунусов, садақшы /Қырғызстан/:
- Жалпы қарсыластардың деңгейі өте жоғары. Себебі, бұл қарсыластармен басқа турнирлерде де жолығып жүрміз. Спортта күшті жеңеді.
Ел бойынша ұлттық спортты дамытуға арналған шаралардың нәтижесінде Атырауда да садақ ату кең қанат жайып келеді. Соңғы жылдары мергендер сайысы алыс шетелдерде де жандана бастаған.
Киана Киани, садақшы /Жапония/:
- Бізде осыған ұқсас спорт түрі бар. Дегенмен садақ атуда көшпенділер ұрпағының мықты екенін әлем мойындайды. Мен үшін бұл үлкен мектеп болды.
Үш күнге созылатын жарыста мергендер бірнеше бағыт бойынша жүлделі орындарды сарапқа салады. Пута, қалқан және жамбы ату сайыстарының жиынтық нәтижесі бүгін кешке белгілі болады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин