Әскери спортшылар олжалы оралды

Арменияның Ереван қаласында еркін күрестен ересектер арасындағы халықаралық турнир аяқталды. Осы сында Қазақ елінің палуандары 1 алтын, 2 күміс, 5 қола жүлде жеңіп алды.

Асхаб Хаджиев барлық қарсыластарын жығып чемпион атанса, Өсімжан Дастанбек пен Мейрамбек Қартбай күміс медаль иеленді. Ал Әділ Оспанов пен Дархан Есенғали, Ернұр Нұрғазы мен Диас Сағдатов, және Рүстем Мырзағалиевтар қоланы қанағат тұтты.

Әскери спортшылар олжалы оралды

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында кураштан әскерилер арасындағы әлем біріншілігі аяқталды. СИЗМ туы астында тұғыш рет ұйымдастырылған дүниежүзілік жарысқа әлемнің әр бұрышынан мыңға жуық әскери қызметкер жиналған болатын. Қазақ елінің намысын қорғаған қыз-жігіттер 12 медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын, алтауы күміс және бесеуі қола. Толқын Тұрсынақынова 70 келі салмақта қарсыластарының бәрін ұтып  әлем чемпионы атанса, Сұңғат Нұрланұлы мен Мәди Амангелді, Ақылжан Тұрсынбек пен Айдар Бескемпір, сондай-ақ Сағат Байғараева мен Бақыт Құссақбаева екінші орыннан көрінсе, Ернұр Сүлеймен, Нұрсаят Әбдіқас, Ерасыл Тұрсынбеков, Көркем Орынбек, Айжан Жылқыбаевалар қоланы қанағат тұтты. Осылайша, жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы жарыс қожайындары Өзбектерден кейін екінші сатыдан көрінді. Үштікті Иран палуандары түйіндеді. 

«Бір шаңырақ» республикалық форум

Олимпиадалық емес спорт түрлері де көлеңкеде қалмауы тиіс. Алматыдағы қазақ спортының қара шаңырағында өткен  «Бір шаңырақ» аталған республикалық форумда осы мәселе жан-жақты талқыланды. Рас, қазіргі таңда олимпиадалық спортта басымдық бар. Бірақ дүниежүзілік жарыстарда, әсіресе жекпе-жек спорт түрлерінен ел мерейін асқақтатып жүрген ұл-қыздарымыз аз емес. Бірақ көп жағдайда солардың еңбегі ескерусіз қалып кетеді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мамандар өз ойларын ортаға салып, олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту бағытында нақты жоспарлар қажет деп шешті. Академия президенті Қайрат Закирьянов федерациясы басшыларының мамандар даярлау бойынша ұсыныстарын қабылдап, әрқашан бірлесе жұмыс атқаруға дайын екенін мәлімдеді. Форум барысында есімі елге таныс спортшылар Шавхат Рахмонов пен Арман Оспанов Қазақ спорт және туризм академиясының магистрі атанды. Бүгінгі таңда оқу ордасында муай-тай, айкидо, кикбокс спорт түрлері бойынша студенттер дәріс алады. Болашақта ММА спортының мамандарын даярлау да қолға алынып отыр.  

Басталмай жатып аяқталды

Баскетболшыларымыз үшін Азия ойындары басталмай жатып аяқталды. Құрлықтық доданың ресми ашылуы 19 қыркүйекке жоспарланған. Ал баскетболшылардың іріктеу кезеңі біраз күн бұрын басталған еді. Қазақстан құрамасы үш ойын өткізіп үшеуінде де қарсыластарынан ойсырай ұтылды. Алдымен Қытай құрамасына жол берсе, одан кейін Филипиндіктерге тізе бүкті. Кеше Бахрейн құрамасына 78:101 есебімен есе жіберді. Осылайша, іріктеу сайысында  ірілік таныта алмаған Александр Лысяк шәкірттері Азия ойындары басталмай жатып елге қайтуға мәжбүр болды. 

Сондай-ақ оқыңыз: