Бір чемпионатта бес медаль: Ұлттық ұлан әскери қызметшісі жүзуден жоғары нәтиже көрсетті 

Фото: polisia.kz

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Нұртас Әлібеков 12-13 қыркүйек күндері Астанада өткен «Мастерс» санатындағы жүзуден Қазақстанның ашық чемпионатында бес медаль жеңіп алды, деп хабарлайды «24KZ».

Өз жас санатында ұландық 200 метрге кешенді жүзуден және 100 метрге брасс әдісімен жүзуден бірінші орын иеленді. Сондай-ақ 50 метрге еркін жүзу, 50 метрге брасс әдісімен жүзу және 100 метрге шалқалап жүзуден үш күміс медальға қол жеткізді. 

Чемпионаттың есте қаларлық сәттерінің бірі — әскери қызметшінің қазақстандық жүзудің танымал өкілдерімен бір жолда сынға түсуі. Ол ұлттық құраманың жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Геннадий Гордиенкомен және 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландинмен бір жүзу жолағында бақ сынады. 

Жас спортшы үшін мұндай бәсекелестік өз мүмкіндігін тағы бір мәрте сынап, жоғары нәтиже үшін күресуге мүмкіндік берді. Тамыз айында Бурабай көлінде өткен X-WATERS Kazakhstan 2026 халықаралық жүзу жарысы да спортшы үшін нәтижелі өткен. Нұртас Әлібеков 500 метрге жүзуде үшінші орын алып, 3×500 метрлік командалық эстафетада күміс жүлдеге ие болды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Сондай-ақ оқыңыз: