Чемпиондар лигасының финалы «Альянц Арена» мен «Камп Ноуда» өтеді
Еуропа чемпиондар лигасының финалдық кездесуін қабылдау, бұл үлкен мәртебе. Өйткені бұл клубтар арасындағы ең беделі биік турнирлердің бірі. Кеше Еуропа футбол одағының мамандары 2028 және 2029 жылғы финалдық ойындар қай стадиондар да өтетінін шешті.
Сонымен УЕФА-ның шешіміне сәйкес 2028 жылы қалқанқұлақ кубоктың иегері Альянц Аренада анықталатын болды. Мюнхеннің Бавариясына тиесілі бұл стадионда чемпиондар лигасының финалы бұған дейін екі рет өткен болатын. 2012 жылы Челсидің асығы алшысынан түссе, өткен жылы ПСЖ-ның жеңісіне жұрт куә болған. Ал 2029 жылғы финал әйгілі Кам Ноуда өтетін болды. Каталониядағы зәулім стадионның оған дейін жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, яғни шатыры жабылып, сыйымдылығы 100 мыңнан асады деп жоспарланып отыр. Кам Ноу соңғы рет чемпиондар лигасының финалын 1999-шы жылы қабылдаған екен. Дәл сол ойында соңғы минуттарда Манчестер Юнайтед ойыншысы Сульшердің Бавария қақпасына жеңіс добын соққаны жанкүйерлер есінен әлі кете қойған жоқ. Енді үш жылдан кейін де бұл сстадионда сұрапыл ойын болады деген сенімдеміз.
Қыркүйектің 19-20-сы аралығында таеквондодан халықаралық турнир өтеді
Байрақты бәсекеде Қазақстан намысын бірқатар спортшымыз қорғайды. Қазір жерлестеріміз жарысқа тыңғылықты дайындалып жатыр.
«Барселона» ұпайдан шашау шығарған жоқ
Чемпиондар лигасының финалы Кам Ноуде өтетінін естіген Каталониялықтардың қуанышында шек болмады. Бұл жаңалық футболшыларды да жігерлендіре түсетіні анық. Жергілікті жанкүйерлер алдында жеңімпаз атанып жатса жаман ба?! Алайда 29-ды күтпей-ақ Барселона биылда биіктен көрінгісі келеді. Оған команданың әл-ауқаты мен тәжірибесі жеткілікті. Қазір Ла Лигада ұпайдан шашау шығармай келе жатқан жалғыз команда осы Барселона. Ханси Флик шәкірттері қарсыластарын ірі есеппен ірімей сойып жүр. Бүгін Барса өз алаңында Расингті қабылдайды. Біраз уақыттық үзілістен кейін жоғарғы топқа қайта қосылған Расингтың аяқ-алысы жаман емес. Алайда сырт алаңдағы көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Сондықтан бүгін қонақтар көбіне қорғанысты ойлайтыны түсінікті. Ал Барселонаға тек үш ұпай қажет. Өйткені басты қарсыластары Реалдан ұзап кеткісі келеді. Кеше Мадрит клубы сырт алаңда үш ұпай алып ара салмақты теңестірген. Бүгін Барса қайта алға шығуы әбден мүмкін.
Хамес ұлттық құрамадан кетті
Хаместің де дәуірі аяқталып келеді. Әңгіме Колумбиялық футболшы жәйінде. Біраз жылдар бұрын Бавария мен Мадриттің Реалы сапында жасындай жарқылдаған шабулшыны жанкүйерлер жақсы білуі тиіс. Вальдерамадан кейін Колумбияның бағына біткен осы Хамес Родригес десек қателесе қоймаймыз. Рас, Радамель Фалькаоның да еңбегін ешкім ұмыта қойған жоқ. Алайда үш бірдей дүниежүзілік доп додасына барып, ұлттық құрамасын жеңіске жетелеген Хамеске Колумбия жұртының ықыласы ерекше. Сол Родриегес кеше ұлттық құрамасымен біржолата қош айтысыпты. Иә әлі бутсиін шегеге іле қойған жоқ. 35 жастағы ойыншы жақында ғана Колумбияның Атлетико Насьонал клубымен бір жылдық келісім шартқа отырған. Десе де ұлттық құрамадағы орнымды жастарға босатамын депті. Колумбия жейдесін ең көп киген де осы Хамес Родригес екен. 131 ойында алаңға шығып 32 голдың авторы атаныпты. Осылайша, тағы бір талантты футболшының мансабы мәресіне жетті.