Жапонияда жазғы Азия ойындары басталып кетті
Бүгін көгалдағы хоккейден Қазақстан қыздар құрамасы алғашқы кездесуін Малайзиямен өткізіп 0:5 есебімен ұтылып қалды. Енді жерлестеріміз 21-ші қыркүйекте Оңтүстік Кореямен ойнайды.
Бессайысшыларымыз белсенді
Азия ойындарының ресми түрде басталуына да аз ғана уақыт қалды. Алайда бірнеше спорт түрі бойынша іріктеу кезеңдері аяқталуға жақын. Қазақстандық бессайысшылардың қарқыны жақсы. Қыз-жігіттеріміз финалдық кезеңге жолдама алып, жүлденің ауылына бір табан жақын тұр. Атап айтар болсақ қыздар арасында Аяна Қазбекова мен Диана Щедрова және Юлиана Петровалар үздік тоғыздықтан көрініп финалдық жолдамаға қол жеткізсе, іріктеу сындарында ірілік танытқан жігіттеріміз де жарап тұр. Тихон Варехин мен Темірлан Әбдіраимов және Карилл Стадник пен Лев Чувашовтар нағыз бабында екендіктерін байқатты. Бессайыстан финалдық кезең 20-шы қыркүйекке жоспарланып отыр.
Үздіктер анықталды
Астанадағы Алау мұз айдынында шорт-тректен Қазақстан чемпионаты жалғасуда. Маусым ашар жарыста спортшылар барлық мүмкіндіктерін көрсетіп жатыр деп айтуға келмес. Дегенмен жастардың жеңіске деген ұмтылысы көңіл қуантады. Кеше 500 метрде жүлдегерлер есімі белгілі болды. Ерлер арасында Шымкенттік Айбек Темірхан топ жарды. Жайық жағасынан келген Мақсат Уалиулла мәре сызығын екінші болып кессе, қола айдын иесі Павел Цойдың қанжығасында кетті. Қыздар арасында Малика Ермек алдына жан салған жоқ. Астаналық спортшы осы қарқынын жоғалтып алмаса, әлем мықтыларымен йық тірестіруге дайын. Мың метрде чемпион атанған Алина Әжғалиева 500 және 1500 метрде күмісті қанағат тұтты. Қола Гүлдана Жалмұханға бұйырды. 1500 метрде ерлер арасында Богдан Вехов ел чемпионы атанса, қыздар сайысында Анастасия Галечина оза шапты.
Месси Америкада 100 гол соқты
Қырыққа қадам басқан Лионель Месси жұртты таңқалдырудан әлі жалығар емес. Осыдан үш жыл бұрын мұхит асқан Месси Майами сапындағы өзінің 100-шы голын соқты. Онымен қоса «Кампеонес Кубогына» да иелік етті. Жыл сайын МЛС лигасы мен Мексиканың мықты клубтары осы жүлдені сарапқа салады. Биылғы финалда «Интер Майами» мен «Крус Асульдың» жолы түйісіп Америкалық клуб 2:0 есебімен жеңіске жетті. Есепті Месси ашқан болатын. Аргентина жұлдызы бұл жолы аяғымен емес бойшаң қорғаушылардан асып барып баспен гол соқты. Іле-шала екінші рет көзге түскен. Бұл жолы офсайд деп голды есепке алған жоқ. Екінші таймда Лео Месси Каземироның көзге түсуіне жағдай туғызды. Қортынды есеп 2:0. Майами кубок иегері.