Жапонияда 2026 жылғы Азия ойындары ресми түрде ашылды
Жапонияның Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Жарыстың басты алаңы – Paloma Mizuho Stadium стадионында «Harmonic Heart Beat» атты қойылым көрсетілді. Қойылымның негізіне жүрек соғысының бейнесі алынған. Әр спортшының өзіне тән ырғағы бір арнаға тоғысып, бүкіл Азияның ортақ ырғағына айналады. Бұл идея ойынға қатысушылардың ауызбіршілігін дәріптейтін IMAGINE ONE ASIA ұранымен үндеседі.
Нагоядағы мерекелік бағдарлама кешкі ашылу салтанатынан ертерек басталды. Таңертең Жапонияның Өзін өзі қорғау әуе күштерінің Blue Impulse пилотаж тобы қала аспанында өнер көрсетті. Алты ұшақ арнайы ұшу көрсетілімін жасап, көкте түтінмен түрлі бейнелер салды. Олардың арасында үлкен жүрек пен сакура гүлі де болды. Жүрек бейнесі кешкі ашылу салтанатының басты тақырыбымен үндесті.
Негізгі салтанат басталмас бұрын стадионда жапониялық INI тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар Аичи өңірінің өнерпаздары ағаш таяқпен орындалатын дәстүрлі жекпе-жек өнерін паш етті.
Салтанатты шараның бағдарламасында «Harmonic Heart Beat» тұжырымдамасы өзара сабақтас бірнеше бейне арқылы көрерменге жеткізілді. Қойылымның басты өзегіне жүрек бейнесі арқау болды. Ол сахна безендіруінде де, қойылымның әуені мен қимылынан да байқалды. Ұйымдастырушылар ең алдымен жанды өнерге мән берді: стадионды әртістер, бишілер мен жалаулар жандандырды. Ал замануи технологиялар негізгі рөлді өзіне алмай, қойылымды толықтыра түсті.
Ашылу қойылымы «Welcome AICHI and NAGOYA» деп аталды. Сахнаға алғаш болып жапон скрипкашысы әрі композиторы Таро Хакасе шықты. Оның өнер көрсетуі біртіндеп Аичи мен Нагоядан келген 240 бишінің алаңға шығуына ұласты. Олар төрт түсті топқа бөлінді. Қозғалыстарын өзгертіп, біртұтас қимылға бірігу арқылы бишілер ортақ жүрек соғысы мен адамдар арасындағы байланысты жеткізді. Қойылым соңында бишілер алаңға WELCOME сөзін жазып, ойын қонақтарын қарсы алды.
Көркемдік қойылымнан кейін ашылу салтанатының негізгі бөлімдерінің бірі басталды. Стадионда Жапонияның мемлекеттік туы көтеріліп, ел әнұранын Аичи өңірінде туған актриса әрі әнші Кэйко Тода орындады. Осыдан кейін спортшылардың дәстүрлі шеруі басталды.
Қазақстан құрамасының туын Елдос Сметов пен Сарвиноз Миркадирова ұстап шықты. Сметов Азия ойындарына елдегі ең атақты спортшылардың бірі ретінде қатысады. Қазақстандық дзюдошы 2024 жылы Парижде Олимпиада чемпионы атанды. Сонымен қатар оның қоржынында 2016 жылғы Олимпиаданың күміс медалі мен 2020 жылғы Олимпиаданың қола жүлдесі бар. Сондай-ақ ол әлем чемпионы және 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы атанған.
Миркадирова Қазақстан чемпионатында үстел теннисінен бірнеше рет жеңімпаз атанып, әлем және бірнеше Азия чемпионатында өнер көрсетті. Бұған дейін Ханчжоудағы Азия ойындарында да ел намысын қорғаған. Спортшы WTT Feeder сериясындағы жарыстарда бірнеше рет жүлдеге ие болды. Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындарына Азияның 45 Ұлттық Олимпиадалық комитетінен спортшылар қатысады.
Салтанатты шараның құрметті қонақтары қатарында Жапония императоры Нарухито мен патшайымы Масако, тақ мұрагері Акисино мен ханшайым Кико, Халықаралық Олимпиадалық комитетінің президенті Кирсти Ковентри және Азия Олимпиадалық кеңесінің басшысы шейх Джоан бин Хамад Әл Тани болды.
Ресми сөздерден кейін император Нарухито ХХ жазғы Азия ойындарының ашылғанын жариялады.
Ойындар алауы салтанат барысында ерекше мәнге ие болды. Оның басты аренаға дейінгі жолы 22 тамызда Нагоя қамалының маңынан басталды. Эстафета Аичи префектурасының 40 муниципалитеті мен Нагояның 16 ауданын қамтыды. Оған мыңға жуық алаугер қатысты. Ашылу салтанаты қарсаңында эстафетаның соңғы кезеңін 69-ёкодзуна Хакухо Сё Hisaya-odori Park саябағында аяқтап, алауды ашылу салтанатына жеткізу үшін тапсырды.
Кештің ең әсерлі сәті Paloma Mizuho Stadium стадионында Азия ойындарының алауын жағу рәсімі болды. Алау жағылатын қазандықтың дизайнында ашылу салтанатының екі басты нышаны тоғысты: Harmonic Heart Beat идеясын білдіретін жүрек пішіні және Нагояның басты белгілерінің бірі саналатын алтын сятихоко бейнесі.
Айта кетейік, жазғы Азия ойындары Жапонияда Токио-1958 және Хиросима-1994 ойындарынан кейін тарихта үшінші рет өткізіліп отыр. Биылғы жарыстардың бағдарламасына 43 спорт түрі мен 71 дисциплина енгізіліп, 469 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Азия ойындарына 11 мыңнан астам спортшы қатысады. Қазақстан құрамасы сапында 558 спортшы бақ сынайды.
Olympic.kz