Қазақстан мен Моңғолия ҰОК-тері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Аичи-Нагоя-2026 ХХ жазғы Азия ойындары аясында Қазақстан мен Моңғолия Ұлттық Олимпиадалық комитеттері арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды «24KZ» Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжатқа Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин мен Моңғолия ҰОК басшысы Баттушиг Батболд қол қойды.
Меморандум спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Құжат аясында спортшыларды даярлау, бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жаттықтырушылар мен мамандар арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ, спорттық медицина, допингке қарсы күрес, спорттық менеджмент, маркетинг және Олимпиада құндылықтарын ілгерілету бағыттарында өзара іс-қимыл жасау көзделген.
Тараптар ұлттық құрамалар мен екі елдің мамандары қатысатын оқу-жаттығу жиындарын және басқа да бірлескен іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді көздеп отыр. Сонымен қатар Ұлттық Олимпиадалық комитеттер жыл сайын ынтымақтастық бағдарламасын бірлесіп бекітіп, нақты іс-шараларды, олардың өткізу мерзімдерін және қатысушылар құрамын айқындай алады.
Құжат бес жылға жасалып, кейін оны ұзартуға мүмкіндік қарастырылған. Меморандумға қол қою Қазақстан мен Моңғолияның спорт ұйымдары арасындағы диалогтың жалғасы болды. 2025-2026 жылдары Геннадий Головкин мен Баттушиг Батболд екі ел арасындағы спорттық ынтымақтастықты дамытуға арналған бірқатар кездесу өткізді.
Бұған дейін Қазақстан ҰОК 15 спорт түрі бойынша ынтымақтастықты дамытуды ұсынған болатын. Олар: бокс, спорттық күрес, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика, жеңіл атлетика, семсерлесу, велоспорт, триатлон, WKF каратэ, баскетбол, жүзу, нысана көздеу, садақ ату және футбол.
Алғашқы қадамдардың бірі бокстағы ынтымақтастық болмақ. Қазақстан тарапы өзара келісім негізінде моңғолиялық спортшыларды бірлескен оқу-жаттығу жиынына шақыруға дайын. Ал келесі оқу-жаттығу жиынын Моңғолияда өткізу жоспарланып отыр. Оған Қазақстан құрамасы да қатысады.
Айта кетейік, Баттушиг Батболд Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындары бойынша Азия Олимпиадалық кеңесі Үйлестіру комитетінің құрамына кіреді. Жазғы Азия ойындары 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.