Жапониядағы XX Азия ойындарының тоғызыншы күні аяқталды
Бүгін ел қоржынына 5 медаль түсті.
Оның ішінде 3 күміс, 2 қола. Спортшыларымыз жеңіл және ауыр атлетикадан, кураш пен әртістік жүзуден жүлде алды.
Нұрғиса Әділетұлы және Алексей Чуркин ауыр атлетикадан Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. 95 келі салмақта өнер көрсеткен Нұрғиса 394 келіні көтеріп, ел қоржынына күміс медальді салды. Жұлқа көтеруде 173, серпе көтеруде 217 келіні бағындырды. Ал Алексей 85 келі салмақта ерлер арасындағы жұлқа көтеру жаттығуында 173 келіні еңсеріп, әлем рекордын жаңартты. Артынша серпе көтеруде 205 келілік зілтемірді бағындырды. Нәтижесінде қоссайыста 378 келі көтеріп, екінші орын алды. Бұл сында Солтүстік кореялық спортшы топ жарса, қытайлық ауыр атлет қолаға қол созды.
Жеңіл атлетика: Аделина Земс күміс жүлдегер атанды
Аделина Земс Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық жеңіл атлет Жапонияның Аичи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден мәреге екінші жетті. Алтын жүлде Біріккен Араб Әмірліктерінің өкіліне бұйырды.
Артистік жүзу: командалық сайыста қола жүлде бұйырды
Қазақстандық спортшылар Жапонияның Аичи-Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында артистік жүзуден командалық сайыста қола жүлдеге ие болды. Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 216,7961 ұпай жинап, үшінші орын алды.
Әділет Ахметғали кураштан қола медаль алды
Жапонияның Аичи префектурасында ХХ жазғы Азия ойындары аясындағы кураш жарыстары жалғасып жатыр. Әділет Ахметғали спорттың бұл түрінен қола медальға қол жеткізді. Ерлер арасында 81 келі салмақтағы жартылай финалда отандасымыз Өзбекстан өкілі Ахрор Зиёдуллаевке есе жіберді.