Азия ойындарында палуандар күш сынасты

Olympic.kz

ХХ Азия ойындарының сәрсенбілік жарыс күні палуандарға кезек келді.

Дзюдошыларымыз Әбиба Әбужақынова мен Елдос Сметов Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Ал былғары қолғап шеберлері үшін бүгін жауапты күн еді. Яғни жартылай финалға жолдама алған мықтылар өз ара жұдырықтасып, финалға шыққандар есімі белгілі болды. Қазақстан құрамасының сапынан шаршы алаңға 4 боксшы көтерілді. Алдымен 51 келі салмақта Алуа Балқыбекова Вьетнам өкілі Ти Та Нгунге жол беріп, қола жүлде иеленсе, артынша Наталья Богданова да жеңіліс тапты. Бұл жерде төрешілердің кейбір шешімдері түсініксіз көрінді. Богданова финалға шығу үшін барын салып, шешуші раундта да ширақ қимылдаған. Алайда бас төреші қарсыласының қолын көтерді. 55 келі салмақта ерлер арасында Махмұд Сабырхан да Филиппин өкілі Карло Пааламмен терезесі тең жұдырықтасқан. Тіпті екінші раундта филиппин боксшысы ескерту алып, бір ұпайынан да айырылған болатын. Бірақ жекпе-жек соңында төрешілер 3:2 нәтижесін тіркеп, Карло Пааламды жеңімпаз деп таныды. Одан кейін Төрехан Сабырхан қарсыласын атойлап жүріп ұтып 70 келі салмақтың финалына жолдама алды. Бұдан бөлек түске дейін слаломды есуде Анастасия Ананьева мен Александр Коробов Қазақстан қоржынына қос қола салды. Финалдық кезеңге жолдама алған спортшыларымызға сәттілік серік болсын дейміз.

Сондай-ақ оқыңыз: