Өскемендік 79 жастағы зейнеткер Әлем кубогында екінші орын алды

фото: gov.kz

Шығыс Қазақстан облысының 79 жастағы тұрғыны Әбілқайыр Иманбеков скандинавиялық жүрістен Әлем кубогында екінші орын алды, деп хабарлайды 24KZ.

ҚР ТЖМ ардагері былтыр Италияда өткен жарыста жүлдеге ие болған. Ол бұған дейін Алматы, Түркістан, Семей, Самарқанд, Бішкек және Ыстықкөлде өткен марафондарға қатысып, жыл сайын скандинавиялық жүріс фестивалінде өнер көрсетіп келеді.

Әбілқайыр Иманбеков Өскеменде скандинавиялық жүріспен айналысатын топқа қосылған. Кейін Қазақстанда облыстық және республикалық жарыстарға қатысатын құрама команда құруға бастамашы болған.

Мен скандинавиялық жүріске назар аудардым. Өскеменде осы дене белсенділігімен айналысатын адамдар тобына қосылдым. Бұл – үнемі қозғалыста болуға мүмкіндік беретін көпшілікке қолжетімді спорт түрі, – деді Әбілқайыр Иманбеков.

Белсенді зейнеткер үнемі жаттығып, өзгелерді де спорттың осы түрімен айналысуға шақырады. Оның тағы бір хоббиі – би билеу. Әсіресе вальсті ұнатады. Алматыда өткен халықаралық байқауға қатысып, осы бағытта да лауреат атанған.

Әбілқайыр Иманбеков 42 жылын төтенше жағдайлар саласына арнаған. 14 жыл бойы облыстық азаматтық қорғаныс штабында Азаматтық қорғаныс курстарының бастығы болып, кейін Өскемен қаласының Төтенше жағдайлар басқармасын басқарған.

ШҚО ТЖД мәліметінше, 2009 жылғы сәуірде Сенное ауылындағы ірі су тасқыны кезінде құтқару операциясына жетекшілік еткен. Сондай-ақ Алматыдан автобуспен қайтып келе жатқан фристайлдан ұлттық құрама спортшылары қатты боран салдарынан жолда қалып қойған кезде де құтқару жұмыстарын ұйымдастырған.

Сол жолы 11 адам қиын жағдайда қалған. Жедел ұйымдастырылған құтқару шараларының арқасында олардың барлығы аман қалған.

Бүгінде ТЖМ ардагері жастарға белсенді өмір салтын ұстанудың үлгісін көрсетіп жүр. Ол жастың спортпен айналысуға, қозғалыста болуға және жаңа жетістіктерге ұмтылуға кедергі емес екенін дәлелдеп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз: