Азиадада Қазақстан қоржынындағы медаль саны алпыстан асты
ХХ Азия ойындарының бейсенбілік жарыс күні біраз спортшымыздың қанжығасы майланды.
Бірақ бүгін де алтын бұйырған жоқ. Ақтық сынға алқынбай жеткен спортшыларымыздың біразы финалда сүрініп күмісті қанағат тұтты.
Құрлық додасында Қазақстан қоржынындағы медаль саны алпыстан асты. Бірақ төрт күннен бері спортшыларымыз топ жара алмай жүр. Бүгін грек-рим күресінің шебері Демеу Жадыраевтан жүлде күттік. Жауапкершілікті жете түсінген жерлесіміз жапон жігітіне қарсы жанын салып күресті. Оңтайлы сәтте «кочерга» әдісін әдемі жасап қарсыласын алып ұрды. Бас төреші төрт ұпайын берді. Бірақ қапталдағы төреші жапон жігітіне 2 ұпай ұстата салды. Осы жерде біздің бапкерлер шағымдануы тиіс еді. Бірақ ондай әрекет болған жоқ. Осылайша тартысты өткен белдесу жергілікті палуанның пайдасына шешілді. Ал қола жүлде жолында Жадраев қырғыздың Ақжолынан айласын асыра алмады. Бүгіндікке палуандарымыздың қоржыны бос қалды. Ал дзюдошыларға өкпе жоқ. Қыз-жігіттеріміз бабында барған екен біразы олжалы болды. Кешегі Елдос пен Әбибаның жолын бүгін Әділет Алмат пен Ажар Асхат жалғастырды. Финалда жерлестеріміздің жолын кескен тек жапондар еді. Татами қожайындарына қарсы Әділет пен Ажар да аянып қалған жоқ. Бірақ сәттілік серік болмады. 63 келі салмақта Эсмигул Куюлова қоржынымызға қола салды. Екі күннің қорытындысы бойынша дзюдошыларымыз 4 күміс 1 қола медаль жеңіп алды. Ертең татамиге шығатын ауыр салмақтағы ұл-қыздарымыздың бағы жансын дейміз. Джиу-джитсудан 69 келі салмақта Нұржан Батырбеков финалда Біріккен Араб Әмірліктерінен келген спортшыға есе жіберіп күміс жүлде иеленсе, Жібек Құлымбетова қоланы қанағат тұтты. Бүгін сондай-ақ теннисші Юлия Путинцева мен слаломда есуден Екатерина Таранцева Қазақстан қоржынына қола медаль салды.