Азиада-2026: жалпы есептегі жағдай жақсарды
ХХ Азия ойындарының кезекті жарыс күні аяқталды. Әзірше медаль саны жағынан төртінші орында тұрмыз. Ал сапа жағынан Бахрейнді басып озып, сегізінші сатыға көтерілдік.
Бүгін былғары қолғап шеберлері ерледі. Қоржынымызға қос алтын салып, 4 жыл бұрынғы нәтижені жақсартса, таэквондошылар да тарихи нәтиже тіркеді.
Қасиетті жұма қазақ спортшылары үшін жемісті болды. Төрт күннен бері спортшыларымыз топ басынан көріне алмай жүр еді, бір күнде қоржынымызға үш алтын топ ете қалды. Одан бөлек, күміс пен қоламыз тағы бар. Бірді айтып бірге кетпес үшін алдымен боксшылар бәсекесінен бастасақ. Түскен дейінгі жарыс кестесінде Төрехан Сабырханның жеңісіне куә болдық. Жерлесіміз Иорданиялық боксшыдан есе қайтарамын деген сөзінде тұрды. Бабы да келіскен екен, бағы жанып, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Одан соң алыптар айқасын асыға күттік. Команда капитаны Айбек Оралбай өзбек Жахонгир Зокировпен қолғап түйістірді. Екеуінің жолы өткен жылы әлем чемпионатының финалында түйісіп, тартысты өткен жекпе-жекте жерлесіміз жеңіске жеткен. Осы жолы да Айбектің асығы алшысынан түсті.
Рас, байрақты бәсекелерден боксшылардың қоржыны бос қайтқан емес. Десе де соңғы екі бірдей Азия ойындарында алтын бұйырмай келген. Осы олқылықтың орны толды. «Қазылар қара қылды қақ жарса, алтын саны бұдан да көп болар еді», - дейді қазақ боксының басшысы.
Қазақ таеквондосында серпін бар. Жалынды жастар өсіп келеді. Көптеген дүбірлі додаларда қыз-жігіттеріміз әлем мықтылармен йық тірестіретін деңгейге жетті. Бұрын-соңды құрлық додасында балтаяқты спортшылар шың басына шыққан емес. Бүгін Темірлан Тілеулес 58 келі салмақта топ жарып өз есімін қазақ таэквондосының тарихына жазды.
Күрес түрлерінен жігіттерге сенім артып едік, қыздарымыз жарады. Рио олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова финалда жапон қызына жол беріп күмістен алқа тақса, 23 жастағы Зейнеп Баянованың да жанкештілігін айта кеткен жөн. Қола медаль үшін үнді қызымен болған тартысты белдесуде айқын басымдық танытып, қазақ қызы қола жүлдеге қол созды. 19 жасында талай мықтыларман тайталасқан еркін күрес шебері Едіге Қасымбектің болашағынан зор үміт күтеміз. Ең ауыр салмақта белдескен еркін күрес шебері қоржынымызға қола медаль салды. Сондай-ақ джиу-джитсуден Сейілхан Болатбек пен таэквондошы Батырхан Төлеуғали және виртулады такевондодан Рита Бакишева мен теннистен жұптық сайыста Юлий Путинцева және Анна Данилиналар қола жүлдегер атанды.