Азиада жүлдегерлеріне сыйақы беріледі
Азия ойындарының жүлдегерлеріне қанша сыйақы берілетіні белгілі болды. Еліміздің Туризм және cпорт министрлігінің бұйрығына сәйкес чемпионға 10 мың доллар, күміс жүлдегерге 5 мың, қола медаль иегеріне 3 мың доллар көлемінде қаржылай ынталандыру қарастырылған. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия ойындарында 84 медаль еншілеп, жалпы есепте 8-ші орынға жайғасты. Қоржында 12 алтын, 24 күміс, 48 қола бар, деп хабарлайды 24KZ.
«Астана» клубының велошабандозы Маттео Малучелли Малайзиядағы жарыстың 8-ші күнінде жеңіске жетті. Ол ұзындығы 188,3 шақырым болатын қашықтықты 4 сағат 5 минутта бағындырып, мәре сызығын бірінші болып кесті. Бұл – оның «Тур Лангкавидегі» үшінші жеңісі.
Шерзод Давлатов Әлем чемпионатында күміс еншіледі
Шерзод Давлатов дзюдодан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Отандасымыз Бакудегі байрақты додада 60 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, финалда жарыс қожайыны әзірбайжандық балуанға есе жіберді. Ол бас-аяғы 6 белдесу өткізді. Алғашқы айналымдарда Тәжікстан, Бурунди, Бразилия өкілдерінен басым түссе, ширек финалда франциялық спортшыдан айласын асырды. Ал жартылай финалда әлем чемпионы әрі Париж олимпиадасының қола жүлдегері жапониялық Рюдзю Нагаямадан басым түсті. Ақтық сында әзірбайжандық дзюдошыға жол берді.
Елена Рыбакина үзіліс алды
Елена Рыбакина Қытайдағы жарыстан бас тартып, келер жылға дейін үзіліс алды. Әлемнің бірінші ракеткасы Уханьда өтетін WTA 1000 турниріне қатыспайтын болды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қазақстандық теннисші аяғынан алған жарақатына байланысты өнер көрсетпейді. Ол күні кеше Пекиндегі турнирде әлемнің 118-ші ракеткасы саналатын армениялық теннисшіден күтпеген жерден ұтылып қалған болатын. Енді жерлесіміз жыл соңына дейін ешқандай жарысқа қатыспауы мүмкін. Артынша спортшының өзі де үндеу жасап, жанкүйерлерінен кешірім сұрады.
«Мені ойыннан көргісі келген жанкүйерлерден шын жүректен кешірім сұраймын. Маған біраз уақыт демалып, күш жинау керек. Түсіністік танытып, әрдайым қолдау көрсетіп жүргендеріңізге рақмет! Келесі жылы кездескенше!», – деді Елена Рыбакина, теннистен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.
«Барыс» сырт алаңда жеңіске жетті
«Барыс» қатарынан сырт алаңда өткен екінші ойында жеңіске жетті. Бұл жолы Құрлықтық Хоккей лигасы аясында Мәскеуге қонаққа барып, «Спартакты» қапы қалдырды. Негізгі уақыт 3:3 есебімен тең аяқталғанымен, буллиттер сериясында елордалық ұжым жеңіске жетті. Голдар екінші кезеңнен бастап соғылды. Алдымен 23-минутта айдын иелері есеп ашса, араға 3 минут салып, Логан Дэй таразы басын теңестірді. Көп ұзамай 35-минутта Әлихан Әсетов «Барысты» алға шығарса, «Спартак» соңғы минуттарда есепті 2:2-ге жеткізді. Ал үшінші кезеңде мәскеуліктер бірінші болып есеп ашса, матчтың аяқталуына 1,5 минут қалғанда Тайс Томпсон қазақстандық клубты жеңілістен сақтап қалды. Әрі қарай ойын экстра-таймға ұласып, таблодағы есеп өзгермеді. Буллиттер сериясында «Барыс» басым түсті. «Спартак» төрт мүмкіндіктің бірде-біреуін пайдалана алмаса, астаналық клубтан Гаррет Пилон ғана жеңіс шайбасын соқты. Енді 10 қазанда өз алаңында «Авангардты» қабылдайды.