Турсынбаевадан Шайдоровқа дейін: Қазақстанның қысқы спорттағы соңғы жеті жылдағы тарихи жетістіктері
Қазақстандық спортшылар соңғы жеті жылда қысқы спорт түрлерінен бірқатар тарихи жетістікке қол жеткізді. 2019–2026 жылдар аралығында отандық спортшылар мәнерлеп сырғанау, фристайл, шорт-трек, парабиатлон, шаңғы жарысы және конькимен жүгіруден ел қоржынына маңызды жүлделер салды, деп хабарлайды «24KZ».
2019 жылы Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында төрт айналымды секіруді орындаған алғашқы әйел спортшы атанды. Бұл нәтиже әлемдік мәнерлеп сырғанау тарихындағы айтулы оқиғалардың бірі болды.
2025 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы қысқы спорт түрлерінен бірқатар тарихи жетістікке қол жеткізді.
Қысқы Азия ойындарында Шерход Хаширбаев пен Роман Иванов фристайлдан Қазақстан тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды.
Сол жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының шорт-трекшілері Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Абзал Әжіғалиев, Мерсаид Жақсыбаев және Глеб Ивченко да ел тарихындағы алғашқы алтын жүлдені иеленді
2026 жылы Миланда өткен қысқы Олимпиадада Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль иеленіп, Қазақстан тарихындағы осы спорт түрінен тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.
Ал, Паралимпиадада Ербол Хамитов екі жүлде жеңіп алды. Ол отырып жарысу санатындағы парабиатлоннан алтын, шаңғы жарысынан қола медаль иеленді.
Конькимен жүгіруден де тарихи нәтиже тіркелді. Кристина Шумекова жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бес алтын медаль жеңіп алды. Ол 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында, көпсайыста және командалық спринтте топ жарды.
Осылайша, соңғы жеті жылда Қазақстан спортшылары қысқы спорттың бірнеше түрінен ел тарихындағы алғашқы және рекордтық нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жетістіктер отандық қысқы спорттың халықаралық аренадағы нәтижелерінің артып келе жатқанын көрсетеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз