Қызылорда облысында 4 жылда 30-ға жуық спорт кешені ашылды
Қызылорда облысында соңғы төрт жылда 30-ға жуық спорт кешені пайдалануға берілді. Өңірде бұқаралық спортпен қатар параспорт та дамып жатыр. Мысалы, биыл ашылған «Инклюзивті спорт орталығында» мүмкіндігі шектеулі жандар спортпен шұғылданады. Олардың көбі әлемдік додаларға қатысып жүр, деп хабарлайды 24KZ.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
– Аумағы 3 мың 300 шаршы метр болатын заманауи кешенде қолайлы жағдай жасалған. Ғимараттың бірінші қабатында 3 зал бар. Онда спорттың 7 түрінен жаттығу өтеді. Екінші қабатта әкімшілік бөлмелері орналасқан. Орталықтың ашылуы облыстағы параспорттың дамуына серпін берді. Былтыр өңір спортшылары парапауэрлифтингтен Каирда өткен Әлем чемпионатында жетістікке жетті. Ересектер арасында Фариза Төлжан, ал жасөспірімдер арасында Снежанна Бойко алтын медаль еншіледі. Ал отырып ойнау волейболынан 4 қызылордалық ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, Азия чемпионы атанды.
Ерасыл Әбдібек, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
– Дәл қазір Қызылорда құрама командасымен чемпионаттың үшінші турына дайындалып жатырмыз. Алға қойған мақсатымыз барлық спортшыда бірдей деп ойлаймын – Олимпиададан жүлделі орынмен оралу. Ол екінші немесе үшінші орын ғана емес, басты мақсатымыз – бірінші орын.
Айгүл Байжанова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
- Енді бұрынғы жеріміз жалға алынған ғимарат болғандықтан, ол жерде басқа да спортшылар келетін. Ал бұл жерде өзіміз ғана. Өзіміз болған соң, өзімізге ыңғайлы. Жылдан-жылға нәтижеміз артып, соған қызығып, басқа балалар да, қыздар да спортқа келіп жатыр.
Мұнда голбол, отырып ойнайтын волейбол, шағын футбол, парапауэрлифтинг, парадзюдо, паратэквондо және сурдотэквондо секілді спорт түрлері бар. Қазір 135 спортшы осы жерде жаттығып, алдағы додаларға дайындалуда. Басты мақсат – халықаралық жарыстарда биік шыңдарды бағындыру.
Салтанат Саткеева, мүгедектігі бар жандарға арналған спорт клубы директорының орынбасары:
– Спортпен шұғылданушылардың арасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағы бар 2 спортшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы бар 21 спортшы және Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы бар 15 спортшы бар. Жалпы 47 спортшының спорттық атақтары мен разрядтары бар.
Соңғы жылдары өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілуде. Қазіргі таңда құны 20 млрд теңгеден асатын «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Заманауи нысанда 50 метрлік бассейн мен 2,5 мың орындық футзал залы болады. Сонымен қатар ауылдарда да бірнеше спорт нысаны бой көтеруде. Айта кетейік, облыста соңғы төрт жылда 30-ға жуық спорт кешені пайдалануға берілді.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев