Таеквондошы Мария Севостьянова Париждегі Гран-при кезеңінде қола медаль жеңіп алды
Қазақстан құрамасының таеквондошысы Мария Севостьянова Францияның Париж қаласында өткен Гран-при кезеңінде қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды «24KZ»
Қазақстандық спортшы 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үш кездесуінде жеңіске жетіп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Алғашқы айналымда Мария Қытай Тайбэйінің өкілі Вэй Чунь Линьді 2:0 есебімен жеңді. Одан кейін дәл осындай нәтижемен Венгрия спортшысы Лука Патакфалвиден басым түсті.
Ширек финалда отандасымыз Өзбекстан өкілі Мадина Мирабзаловаға қарсы жекпе-жекке шығып, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Ал жартылай финалда бразилиялық Мария Клара Пачекоға 0:2 есебімен жол беріп, жарысты қола медальмен аяқтады.
Айта кетейік, таеквондодан Гран-при сериясының финалы 27-29 қараша күндері Астанада өтеді.