Айбек Айтбеков АҚШ-та өткен әлем чемпионатында алтын медаль алды

Айбек Айтбеков – әлем чемпионы! Қазақстандық грек-рим күресінің шебері АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы дүниежүзілік додада топ жарды. Ол финалда Әзербайжан өкілі Елмир Алиевті 13:4 есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлайды 24KZ.


Н. Насанов: қателіктермен жұмыс істейміз

Жапонияда қателіктерімізді көрдік. Енді осы олқылықтарды түзеп, көрсеткішті одан сайын жақсартуға тырысамыз. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Насанов Азия ойындарын қорытындылап, осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, жалпы көрсеткіш жаман емес. 12 жылдық үзілістен кейін қоржынымызға қайтадан алтын медалдар түсті. Жалпы біздің жігіттер 2 алтын және 1 қола жеңіп алды. Десе де кей боксшыларымыз алғашқы айналымнан аса алмай, жанкүйерлердің ашуын туғызды. «Бұл да өзекті мәселе», – дейді бас бапкер. Алдағы күндері әр кездесуге қатысты жекелей талдаулар болады және объективті сараптама жасалады. Ендігі мақсат – қазан мен қараша айларында Таразда өтетін Қазақстан чемпионатын тиісті деңгейде өткізіп, ұлттық құраманы жасақтап алу. Одан кейін 2027 жылғы әлем чемпионаты мен 2028 жылғы олимпиада ойындарына дайындық басталады.

Нұржан Насанов, ұлттық құраманың бас бапкері:

- Барлық жекпе-жек біз ойлағандай өтпеді. Кейбір салмақтарда алғашқы айналымнан сүріндік. Бұл нәтижеге объективті қараймыз және дайындық пен жекелеген жекпе-жектерді өткізу барысында қосымша талдауды қажет ететін тұстар бар екенін түсінеміз.

Жүз млн теңге сыйақы беріледі

100 млн теңге. Әлем чемпионатында ел намысын қорғаған қазақ қыздары осынша көлемде сыйақы алады. Айта кетейік, байрақты бәсеке, жуырда ғана Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтті және біздің команда күміс жүлдегер атанды. Ұлттық құрама сапында Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрман, Меруерт Қамалиденова, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева болды. Қазақстан шахмат федерациясы оларға ерекше құрмет көрсету және қосымша мотивация беру мақсатында әрқайсысына 20 млн теңгеден сыйақы табыстайды. Бұған қоса, бапкерлер еңбегі де елеусіз қалмайды. Бас бапкер Павел Коцур мен бапкер Александр Моисеенкоға 20 миллион теңгеден, ал Арыстанбек Оразаевқа 5 миллион теңге беріледі. Осылайша, шахматшылар мен бапкерлерге төленетін сыйақының жалпы көлемі 145 млн теңгені құрайды.

Таеквдондо туралы тұңғыш фильм түсірілді

Таеквондо туралы алғашқы фильм жарыққа шықты. Қазақстан таеквондо федерациясы осыдан екі жыл бұрын ерекше бастаманы қолға алған болатын. Оның барысында аталмыш олимпиадалық спорт түрі жайында тек елімізде ғана емес, Орталық Азияда алғашқы киноны түсіру мақсатын қойған. Сол арқылы спортты кеңінен насихаттап, дамуына тың серпін беру көзделеді. Міне, аталмыш аралықта үлкен шығармашылық ұжым толықметражды киноны дайындады. Оның ішінде Мұстафа Өзтүрік осы спортты елімізге әкелген кезеңнен бастап, қазіргі чемпиондарымыз шығып жатқан уақыт шебер сабақтастырылып, экшн форматындағы туынды пайда болған. Күні кеше Астанада ресми таныстырылымы өтті. Енді басқа қалаларда да осындай шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: