КПЛ-да командалар саны тағы көбеюі мүмкін
Қазақ футболын келесі маусымда тағы бір өзгеріс күтіп тұр. Ел біріншілігіне қатысатын командалар саны 16-дан 18-ге көбеюі мүмкін. Бұл бастама жүзеге асқан жағдайда ішкі чемпионаттың дамуына серпін бере ме? Осыған қатысты сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Неліктен?
Қазір әлеуметтік желілерде Қазақстан Премьер-лигасында ойнайтын командалар санын 18-ге арттыру мәселесі кеңінен талқыланып жатыр. Бұл бастаманы қолдайтындар да, оған күмәнмен қарайтындар да бар. Мысалы, осы ақпаратты алғаш болып жариялаған Дидар Сыдықбектің ойынша, командалардың көбеюі чемпионаттағы бәсекелестікті арттырып, өңірлердегі футболдың дамуына жаңа серпін береді.
Дидар Сыдықбек, спорт функционері:
- 18 команда емес, 20 команда болғанын да қалаймын. Көп адамдар жаман жағын ғана айтады. Алаң жоқ, мынау жоқ дегендей. Команда бола келе алаң да болады, ақырын бәрі алға баса береді. Және бұл жердегі ең басты феномен – жаңа есімдердің шығуы, жаңа жастардың премьер-лигада ойнауына үлкен мүмкіндік алуы.
Әбілмансұр Қамзаев, футбол сарапшысы:
- Мен бұл пікірмен келіспеймін. Дәл қазір ҚПЛ-де 16 команда ойнайды. Олар наурыз айында маусым басталған кезде стадион таба алмай қиналады. Сондықтан стадион тапшылығы болмас үшін командалар санын 10-ға дейін қысқарту керек деп ойлаймын.
Санның өсуі сапаның артуына кепілдік бермейді. Жаңа командаларға лайықты стадион, тұрақты қаржы, білікті бапкер мен бесекеге қабілетті футболшылар қажет. «Егер мұның бірі де болмаса, ойын деңгейі сол қалпында яғни бір орында тұралап қалуы мүмкін», - дейді Асқар Хамиден.
Асқар Хамиден, футбол сарапшысы:
- Егер біз 18 командаға көтеретін болсақ, Қазақстан Футбол Федерациясы бірінші кезекте лицензиялау жүйесінде командаларға тәртіпті жоғарылатып барып, сондай шешімге барса екен деп ойлаймын. Өздеріңіз білетіндей, алдыңғы жылдары 14 команда ойнаған кезде кейбір командалар бюджеттен қаражат таппай, жарыс жолынан шығып қалып, ҚПЛ маусымды 13 командамен аяқтады деген жағдайлар болған. Сондықтан бірінші кезекте 1 жылға арналған қаржылай мүмкіндіктері дайын болу керек одан кейін инфрақұрылымдық жағдайы дайын болу керек.
Егер 18 клубтық жүйе енгізілсе әр команда маусым барысында 34 ойын өткізеді. Ал жалпы кездесу саны 240-тан 306-ға жетеді. Бұл қазіргі форматпен салыстырғанда 66 матчқа көп. Сондай-ақ Премьер-лигадан шығып қалған қызылордалық «Қайсар» мен талдықорғандық «Жетісу» клубтары өз орнын сақтап қалуға мүмкіндік алады.
Дидар Сыдықбек, спорт функционері:
- «Қайсарды» алатын болсақ, керемет стадионы бар. «Жетісуды» аты айтып тұр ғой Жетісудың ҚПЛ-да болмауы менің ойымша, кішкене ұяттау сияқты. Қазір өзіңіз ойлаңыз, жеке кәсіпкерлердің өздері де команда ашып, Премьер-лигаға шығудың шынайы екеніне көздері жетеді.
Асқар Хамиден, футбол сарапшысы:
- Бұл тек бір федерация қабылдай салатын шешім емес. Себебі ойындар саны, ұшақпен барып-келу, қонақүй бүкіл шығындар саны басқа клубтар үшін де көбейеді. Бұл, әсіресе, жеке меншікке өткен командалар үшін тиімсіз болуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстан Футбол федерациясы әзірге 18 командаға көшу туралы ресми мәлімдеме жариялаған жоқ. Бұл бастаманың нақты қашан жүзеге асатыны да белгісіз.
Авторлары: Мерей Қанапия, Қанат Махмұдов, Руслан Әлиев