Конкурдан әлем кубогының Еуразия лигасы аяқталды
Конкурдан Қазақстан ұлттық құрмасының мүшесі Олег Соколенко әлем кубогінің Еуразиялық кезеңінде екінші орынды иеленді. Ол биіктігі 155 см болатын кедергілерді сәтті еңсеріп, үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды 24KZ.
Байрақты бәсекенің финалдық сайысы Астанада өтті. Оған 5 мемлекеттен 22 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Шешуші сайыста 155 см биіктіктен секіруде Қазақстан құрамасының мүшесі Олег Соколенко екінші орынды еншіледі.
Олег Соколенко, конкурдан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
– Біз бар күшімізді салдық. Бұған толық сенімдімін. Алайда жеңіске жету үшін сәл ғана сәттілік жетпей қалды. Жарыстың жауапкершілігі, маңызы жоғары. Бұл шешуші жарыс күні еді, содан өзім де, атым да аздап қобалжыған секілді.
Жеңімпаздар көшін өзбекстандық Бекзод Құрбанов бастады. Ал үздік үштікті Ресейлік шабандоз түйіндеді. Грузиядан келген конкуршылар да сәтті өнер көрсетіп, төртінші орынды місе түтті. Бесінші дәрежелі жүлде Ресей өкілдерінің қоржынында кетті.
Ингмар Де Вос, Халықаралық ат спорты федерациясының президенті:
– Жарыс өте тартысты өтті, бәсекелестік деңгейі жоғары. Қазақстанның да, жалпы өңірдің де әлеуеті зор деп есептеймін. Мұнда қажетті инфрақұрылым қалыптасқан, жүйрік жылқы да, шебер шабандоз да бар. Елде ат спортының одан әрі дамуына және бүкіл Еуразия өңіріндегі позициясын нығайтуға барлық мүмкіндік жасалған. Спортшылардың, ат иелері мен федерация қызметкерлерінің атқарған ауқымды жұмысы үшін құттықтаймын.
Маусым бойы үздік шыққан үш спортшы жарыстың жаһандық кезеңінде бақ сынайды. Оның қорытындысы алдағы аптада анықталады. Дүбірлі доданың финалы Швецияда өтеді.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Досбол Байділдин