Қызылорда облысында ЭКСПО көрмесі аясында этноауыл есігін айқара ашты

Төрт өркениеттің төрі болған Сыр өңірінде туризм кластерін қалыптастыру мүмкіндігі мол. Жұлдызды аспан әлемі мен жұмыр жерді байланыстырған «Байқоңыр»,  Түркі мифологиясының қайнар көзі - «Қорқыт ата» кесенесі,  жаһандық ЭКСПО-2017 көрмесінің саяхаттық бағытына енгені белгілі.

Ал киелі Қармақшы топырағына табан тіреген меймандар ұлттық дәстүр көріністеріне куә болып, бай дастарқаннан дәм тата алады. Өйткені әйгілі абыздың мемориалдық кешені жанынан халықаралық көрме аясындағы этноауыл салтанатты жағдайда ашылды. 

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Сыр өңірінің барлық жеті ауданы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолын бойлай орналасқан. Соның бірі - Қармақшы. Бұл мекен жер кіндігі  - Байқоңыр, түркі халықтарының әйгілі абызы Қорқыт ата ескерткішімен ерекшеленеді. Ақмешіт атырабының рухани айнасы - сырт елден саяхаттап келушілердің де жиі ат басын бұратын жеріне айналды. Есесіне, оларға қызмет көрсету жағы жанданып келеді. Осы маңнан көне шығыстық үлгіде зиярат ету орталығы салынды.

Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне орай ашылған этноауылда қаймағы бұзылмаған қазақтың салт-дәстүрі қамтылған. Мұнда келген туристер зергерлер мен қолөнершілердің таңғажайып туындыларымен таныса алады. Олар жүн, былғары, киізден жасалған табиғи таза дүниелерді сатып алуға да мүмкіндіктері бар. Жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнерін осы жерден тамашалауға болады. Салтанатты шарада қыз қуу, теңге ілу, асық атып, арқан тарту сияқты ұлттық ойындардың да көркі қызды. Ал жауырыны жуан жігіттер өзара түйе палуанды анықтады.

Серік Жақсығұлов, жырау:

- Рухани жаңғыру деп отырған біздің қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өркениеті өрістейтін уақыты. Осыған байланысты қазақ халқының кешегісі, ұлттық кодымыз деп жатырмыз. Тектілігімізді, дегдарлығымызды танытатын, жалпы рухани барлық саланы, жыраулықты, күйшілікті, ақындықты дамытатын кезең. Әсіресе ЭКСПО-2017 көрмесі аясында біздің ұлттық өнерімізді айшықты, нақышына келтіре отырып, әлемге танытуға мүмкіндік туып отыр.    

Өткеннен өнегелі тағылым беретін шара аясында жыраулық өнер де ұлықталды. Жырдың киесі қонған Ақмешіт атырабының аты алысқа тараған жыршы-термешілері ел тарихын тереңнен толғады. Түйіп айтқанда, Сыр еліне табан тіреген шетелдік қонақтар үшін  кіндігі алтын бесік ауылға байланған қазақ ұлтының бар құндылығын, рухани-тарихи мұраларын көріп, мәнін түсінуі үшін жақсы мүмкіндік болмақ. 

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов