Теннистен әлемдегі ең беделді жарыстың бірінде шу шықты

Теннистен әлемдегі ең беделді жарыстың бірі – Австралия ашық біріншілігі төңірегінде дау туды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарысқа қатысуға келген 72 спортшы қатаң карантинге оқшауланды. Олар ұшып келген ұшақ жолаушыларында коронавирус анықталған болатын. Алайда спортшылар әлеуметтік желілерде осы шектеулерге өз наразылығын білдіріп жатыр. Бұл жергілікті халықтың ашуын туғызды. Қарапайым адамдар сабырлық танытып, барлық талапқа төзіп тұрғанда, спорт жұлдыздарының тәртіпке бағынбауы ерсі дейді жұрт.

Елде қатаң шектеу шаралары қабылданған. Алайда бұл теннис ең табысты спорт жобасы болғандықтан, ұйымдастырушылар барынша қауіпсіздік шараларын сақтап, оны өткізу туралы шешімге келді. Ақпанның сегізінде басталатын жарысқа қатысу үшін ойыншылар тест тапсырып, үш апта бұрын келуі тиіс. 14 күнге карантинде болып, осы мерзімде жабық топта жаттығады. Өткен бейсенбіден бастап жарысқа қатысу үшін 17 чартермен бір мың екі жүз адам ұшып келді. Арасында ойыншылармен қатар бапкерлер, төрешілер өзге де мамандар бар. Алайда келгеннен кейін тест тапсырып, 3 ұшақта коронавирус жұқтырған адам анықталды. Осыған байланысты олармен бірге келген 72 теннисші қатаң карантинге оқшауланды. Олар бөлмелерінен екі апта бойы шықпауы керек.

Дэниел Эндрюс, Виктория штатының премьер-министрі:

– Біз ерекше бір шаралар қабылдаған жоқпыз. Мейманханада карантинде отырған барлық адамға денсаулық тілейміз. Оларды бір-бірінен айырмаймыз, отанына оралған Австралия азаматы болсын немесе ірі шараға қатысуға келген кісі болсын, бәріне ереже бірдей. Ең бастысы, Виктория штаты мен елде вирустың таралуына жол бермеу. Дәулетті адамдар үшін ережемізді өзгертпейміз.

Қатаң шектеулер спортшылардың наразылығын тудырды. Өзгелердің жаттығуға мүмкіндігі бар, сондықтан олар дайындық төмен болатынын алға тартады. Әлемнің ең мықты теннисшісі саналатын Новак Джокович тіпті теннис корттары бар жекеменшік үйлерді өз ақшасына жалдап алуға мүмкіндік беруді сұраған. Алайда жергілікті билік бұл өтінішін қабылдамай қойды.

Дэниел Эндрюс, Виктория штатының премьер-министрі:

– Адамдар өз ұсыныстарын жасауы мүмкін, бірақ оған жоқ деп жауап береміз. Осыған дейін мұны айқын жеткіздік. Бұл туралы хабардар болған жоқпыз дегені дұрыс емес. Өзге ойыншылар әлеуметтік желілерде ережелерді анық түсіндіргенін жазып отыр.

Кейбір ойыншыларға қонақ үйлерде берілетін тағамдар ұнамаған көрінеді. Өздерін түрмеде қамалғандай сезінгенін жазып, жарыс ұйымдастырушыларына өкпесін жасырған жоқ. Алайда бұл жергілікті халықтың ашуын туғызды. Қарапайым тұрғындар шектеу шараларының барлық ауыртпалығына төзіп, біразы жұмыссыз қалып, әрең күн көріп отыр. Ал осы кезде миллиондап табатын спорт жұлдыздарына еркелік таныту жараспайды дейді. Теннисшілер бір кездесу үшін әрқайсысы 75 мың доллар алады екен.

Гордон Рид, теннисші:

– Ойыншылардың аз бөлігі ғана шу көтеріп жүр. Бірақ аз болғанымен, дауыстары қатты. Сондықтан саны көп болып көрінеді. Менің ойымша, ең маңыздысы – жергілікті тұрғындар арасында ковидтің таралуына жол бермеу.

Жергілікті билік өкілдері ереже бұзғандарға үлкен мөлшерде айыппұл салынатынын және есіктерін полиция күзететін ескертті. Тіпті өзге карантин орталығына ауыстырылады. Жарыс өтетін Виктория штаты елдегі коронавирус індетінің ең ауыр – зардабын тартқан өңір. Бүкіл елде бұл дерттен қайтыс болған 909 адамның сегіз жүз оны осы штатта тұрған.

Бекболат Тұрмаханов