Азия чемпионаты: қазақстандық зілтеміршілерге жеті медаль бұйырды

Ташкентте өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сайыстың соңғы күні жарысқа 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде отандасымыз Айзада Мүптілдә шықты. Қазақстандық спортшы алғашқы жаттығуда 118 келі зілтемірді көтеріп, жақсы нәтиже көрсетті. Серпе көтеру сайысында да мықтылығын дәлелдеді. Осылайша Айзада Мүптілдә 269 келі көрсеткішпен Азия біріншілігінің қола медалін жеңіп алды. Күміс медальға Оңтүстік Корея спортшысы қол жеткізсе, қытайлық ауыр атлет алтын иеленді.

Айта кету керек, Аспан асты елінің өкілі бұл жарыста әлемдік рекорд орнатты.

Айзада Мүптілдә, Азия чемпионатының қола жүлдегері:

– Қарсыластарым өте мықты. Жақсы дайындалған. Үшінші орын үшін айқастың өзі тартысты болды. Техника жағынан қателіктер бар. Алла жазса, оны жөндейміз деген ниет бар.

Жалпы Азия чемпионатының қорытындысы бойынша, қазақстандық зілтеміршілер 7 медаль иеленді. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс тағы үшеуі қола жүлде. Отандастарымыз ел намысын 13 салмақ дәрежесінде қорғаған болатын.

Айта кету керек, сары құрлықтағы жарыс Токио олимпиадасы алдындағы іріктеу турнирлердің қатарына жатады. Ал ауыр атлетикадан Қазақстанға 4 жылдықтың басты додасына екі жолдама ғана бұйырады. Өйткені ұлттық құрамамыз бірнеше мәрте допингтік тәртіпті бұзған.

Бахыт Ахметов, ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы:

– Бұл чемпионатта біздің басты мақсатымыз Олимпиадаға жолда еншілеу болған. Есебіміз бойынша жоспарды толық орындадық. Бірақ ресми шақыртуды халықаралық федерация мамыр айының соңында жібереді. Жалпы, Токиоға баратын басты үмкіткерлер – Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сон.