Криштиану Роналду Еуропа чемпионатында әлем рекордын қайталады

Криштиану Роналду Еуропа чемпионатында әлем рекордын қайталады
Газета.Ру

Футболдан Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду Еуропа чемпионаты топтық кезеңінің Францияға қарсы үшінші тур матчында (2:2) дубль жасады, деп хабарлайды Vesti.kz.

Пенальтиден салынған екінші гол португалиялық футбол үшін ұлттық команда сапындағы 109-шы доп болды. Осылайша, Роналду ирандық Али Даеидің (109) әлемдік рекордын қайталады. 

Сонымен қоса, Роналду Еуропа мен әлем чемпионаттарында жалпы 21 гол соғыпты – бұл да рекорд. Еурода салғаны 14 доп екен. Португалиялық шабуылшы бұл көрсеткішпен Германия құрамасының бұрынғы форварды Мирослав Клозе рекордын бұзды – әлем чемпионатында 16 гол және Еуропа чемпионатында үш гол.

Оның үстіне Криштиану бес голмен EURO-2020 сұрмергендері тізімінде бірінші келеді.

Португалия құрамасы Еуроның 1/8 финалына шығып, келесі ойында Бельгиямен кездеседі.