Токио-2020: Санаевтың қарсыласы белгілі болды

Токио-2020: Санаевтың қарсыласы белгілі болды

Қазақстан және Болгария палуандары қола жүлдеге таласады.

Еркін күрестен 57 келіге дейінгілер арасындағы соңғы сынға шыққандар белгілі болды. Жұбату белдесулердің нәтижесінде болгариялық Георги Вангелов  үздік деп танылды. Енді ол жерлесіміз Нұрислам Санаевпен күреседі. Жекпе-жек елорда уақытымен 16:30-да басталады.

Айта кетейік, қазақстандық палуан күні кеше жартылай финалға дейін жетті. Тіпті, іріктеу барысында 2017 жылғы әлем чемпионы Юки Такахасиді ұтты. Ал соңғы белдесуінде үндістандық Рави Кумарға есе жіберді. Енді Нұрислам ұлттық құрама қоржынындағы қолалар санын тағы біреуге арттыра алады.

ОТАНДЫҚ СПОРТ СЫННЫҢ АСТЫНДА ҚАЛДЫ   

Токио олимпиадасынан кейін министрлікте кеңейтілген отырыс өтеді. Сол жерде жерлестеріміздің нәтижесі мен бапкерлердің олқылықтары талқыланады. Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы салаға қатысты сындарға жауап берді. Серік Сәпиевтің айтуынша, жазғы ойындар әлі аяқталған жоқ. Сондықтан, қазір ұлттық құрамаға барынша қолдау таныту керек. Ал саладағы мәселелер олимпиададан кейін талқыланады. Нақты шешімдер де сол жерде қабылданады. Айта кетейік, биыл ел намысын қорғап жатқандар бірнеше антирекорд орнатты. Мәселен, теннисте үш бірдей спортшымыз жарысты жалғастырудан бас тартты. Бұндай жағдай олимпиада тарихында болмаған. Бұған қоса, боксшыларымыз 2008 жылы Бейжің олимпиадасындағы антирекордты қайталанды. Яғни, жартылай финалға 2 боксшымыз ғана өтті. Ал енді осы спорт түрінен алтын жүлде алмасақ, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең нашар көрсеткіш болмақ.

ТОКИО-2020: ӘЛЕМ РЕКОРДЫН ЖАҢАРТТЫ  

Үш бірдей әлем рекордын жаңартты. Токиодағы ауыр атлеттер бәсекесінде күтпеген нәтиже жиі тіркеліп жатыр. 109 келіден жоғарығылар арасындағы жарыста грузиялық Лаша Талахадзе қос сайыс қорытындысы бойынша 488 келіні басынан асырды. Осылайша биыл Мәскеудегі құрлықтық додада тіркеген өз рекордын өзі жаңартып отыр. Бұған қоса, жұлқа көтеруде 223, ал серпе көтеруде 265 келіні бағындырды. Бұл салмақтарды да бұған дейін ешкім көтермеген. Жарыс нәтижесінде грузиялық спортшы чемпион атанса, Иран мен Сирия өкілдеді үздік үштікті түйіндеді. 

ТОКИО-2020: ЖАЛПЫ МЕДАЛЬДЫҚ КӨРСЕТКІШ    

Сонымен кезекті жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы есепте 75-ші тұр. Қоржында төрт қола. Ал топ басына 32 алтын алып үлгерген Қытай құрамасы жайғасты. Үздік үштікті АҚШ пен Жапония түйіндеп тұр.Токиодағы бәсеке 8-ші тамызға дейін жалғасады.