Еуропа чемпионатының кестесі белгілі болды

Еуропа чемпионатының кестесі белгілі болды

Ұлттық құрама жаңартылды. Қазақстандық боксшылар әлем чемпионатына дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәл қазір олар Түркістан облысында арнайы жаттығу жиынын өткізуде. Оның барысында спаррингтік кездесулер өткізіліп, ел намысын қорғайтындар анықталды. Нәтижесінде бұрынғы спортшылардан Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов және Абылайхан Жүсіпов қалды. Бұған қоса, ең жеңіл салмақта 33 жастағы Теміртас Жүсіпов өнер көрсетеді. Қалған жігіттер жаңадан қосылды. Мәселен, 86 келіде кәсіпқой бокста жүрген Бек Нұрмағамбет шаршы алаңға шығады. 71 келіде Асланбек Шымбергеновке, орта салмақтарда Саматәлі және Санатәлі Төлтаевтарға сенім артылды. Ал ауыр салмақтарда ағайынды Оралбайлар жұдырықтасады. Сондай-ақ ұлттық құрамаға Махмұд Сабырхан, Нұрқанат Райыс және Нұрлан Сапарбайлар алынды. Бас-аяғы – 13 жігіт. Әлем чемпионаты 24 қазанда басталады. Биыл оны Сербияның Белград қаласы қабылдайды.

Д.ТҰРЛЫХАНОВ: СПОРТШЫЛАРҒА МІНЕЗ ЖЕТІСПЕЙДІ

«Ұмтылыс жоқ. Мінез жоқ. Егер осылай кете берсе, алдағы олимпиадада да нәтиже болмайды». Азия біріккен күрес әлемінің президенті Дәулет Тұрлыханов ұлттық құрама жайында осындай пікір білдірді. Оның айтуынша, отандық күреске жүйелі өзгеріс керек. Әсіресе болашақ чемпиондарды ауылдық жерлерден іздеп, оларға барынша мүмкіндік жасау маңызды. Бұған қоса, бапкерлердің біліктілігін және олардың әдістемесін қайта қарап, оны жетілдіруге күш салу керек. Сонда ғана халықаралық деңгейдегі спортшыларды шығарамыз дейді.

Айта кетейік, Токио олимпиадасында қоржынға 1 қола ғана түсті. Ал жуырда ғана өткен әлем чемпионтында қыздарымыз 1 күміс, классиктер 1 қола әкелді. Еркін күрес шеберлері жүлдеге ілікпеді.

ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КЕСТЕСІ БЕЛГІЛІ

Әлем чемпионатындағы жетістікті Еуропада қайталау керек. Бірер айдан кейін футзалдан құрлықтық дода басталады. Осыған байланысты жеребе тарту рәсімі өтіп, кездесулердің кестесі жарияланды. Қазақстан құрамасы бұл жолы «В» тобында өнер көрсетеді. Оның аясында ең алғашқы кездесу Словения құрамасына қарсы болады. Одан кейін жерлестеріміз Финляндия және Италия аяқдопшыларымен жолығады. Әр топтан үздік екі команда шығып, жарыс жолын жағастырады. 2022 жылғы Еуропа чемпионатын Нидерланды қабылдайды және ол 19 қаңтар мен 6 ақпан аралығында өтеді. Рикардо Кака  баптайтын жігіттер арнайы дайындыққа алдағы жылдың басында кіріспек және әлем чемпионатындағы тарихи жетістікті қайталап, жүлдеге қол созамыз деп отыр.

Рикардо Кака, ұлттық құраманың бас бапкері:

– Еуропа чемпионатында осал команда болмайды. 16 құраманың барлығы да мықты. Ең бірінші Словениямен кездесеміз. Соңғы рет әлем чемпионатының іріктеуінде жолығып едік. Өте епті және жылдам команда. Бұл ойынға ұлттық құрамадағы Дуглас қатыспайды. Ол өткен құрлықтық додада алаңнан қуылды. Одан кейінгі матчтарға да тыңғылықты дайындаламыз. Жарыстар кестесі тығыздау. Бірақ бұл біз үшін ешқандай кедергі емес.