Маратбек Мықтыбаев: Төрт боксшымыз да өз шеберлігін көрсетті

Маратбек Мықтыбаев: Төрт боксшымыз да өз шеберлігін көрсетті

Қазақстандық төрт боксшы Сербия астанасында өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты.

Жартылай финалдық бәсекелерінде 5 бірдей отандасымыз өнер көрсеткен еді. Соның біреуі ғана шешуші сынға өте алмады. Ең алдымен жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов Беларусь боксшысымен жолығып, айқын басымдықпен ұтты. Енді Теміртас Таиланд спортшысымен кездесіп, әлем чемпионы атағын сарапқа салады. Одан кейін 54 келідегі Махмұт Сабырхан да үндістандық Акаш Кумармен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Теміртас пен Махмұттың жолын Сәкен жалғастыра білді. Ол таиландтық бокшыны тізе бүктірді. Сондай-ақ 57 келідегі Серік Теміржанов та финалға шықты. Ол кубалық қарсыласынан басым түсті. Ал Абылайхан Жүсіповтің жеңілісі күдік тудырды.

Ұлттық құраманың капитаны жартылай финалда жапониялық спортшымен жолыққан. Жекпе-жектен кейін төреші жапон боксшысының қолын көтерді.

Маратбек Мықтыбаев, ҚР Бокс федерациясының атқарушы директоры:

­– Бұл жаққа ешкім жеңіліс үшін келмейді, жеңеміз деп келеді. Өздеріңіз білесіздер, мұның алдында жаттықтырушыларды ауыстырдық, қатарымызға жас боксшыларды алдық. Нәтижесін көрдіңіздер. Төрт боксшымыз да өз шеберлігін көрсетті. Бүкіл ел бұған куә.

Ал үлкен салмақтарда біраз сұрақ туындап отыр. Осы бағытта әлі жұмыс істейтін боламыз.