Әлем чемпионатында төрт боксшымыз финалға шықты  

 Сербия астанасында бокстан әлем чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың кезекті күні жартылай финалдық кездесулер өтті және бұл сында 5 жерлесіміз өнер көрсетті. Ең алдымен жеңіл салмақтағы Теміртас Жүсіпов Беларусь өкілі Евгений Кармильчикпен жолығып, айқын басымдықпен ұтты. Қортынды есеп: 5:0. Енді Теміртас Тайланд боксшысымен кездесіп, әлем чемпионы деген атақты сарапқа салады.

Одан кейін 54 келідегі Махмұт Сабырхан шаршы алаңға шықты. Ол жартылай финалда үндістандық Акаш Кумармен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Қортынды есеп: 5:0. Енді Махмұт бас жүлде үшін таласта Жапония өкілімен жолығады.

Теміртас пен Махмұттың жеңіс жолын Сәкен жалғастырды. 51 келіге дейінгілер арасында сынға түсіп жатқан Сәкен Бибосынов таиландтық Танарат Саенгфетпен кездесіп, 4:1 есебімен жеңді. Сәйкесінше, Токио олимпиадасының қола жүлдегері енді әлем чемпионатының алтынына таласады. Финалдағы қарсыласы америкалық Роско Хилл.

Серік Теміржанов та финалға шықты. 57 келіге дейінгілер арасындағы жерлесіміз кубалық Освель Кабальерромен кездескен. Жекпе-жек өте тартысты өтті. Тіпті алғашқы раундта Серіктің қарсыласы нокдауд алды. Ал айқастың өзі 3:2 есебімен аяқталды.