Ұлттық спорт үздіктеріне «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды

Ең үздік көкпаршы, құсбегі, теңге ілуші, жамбы атушы, үздік жаттықтырушы қайсы? Бәйгенің алдын бермейтін ат кімдікі? Топ жарғандар ұлттық спортта жыл сыйлығы саналатын «Алтын тұғырды» иеленді. Сонымен үздік шыққандар кім? 

Бастапқыда қызыл кілемге тосырқай қарағандар да бар. Заңдылық шығар. Өйткені бұлар модель емес, қыран баптап, садақ тартатын, тақымына серке қысып ат үстінде ойқастап жүрген жігіттер. Дүбірлі додаларда топ жарғаны ұлттық спорттағы жыл сыйлығы «Алтын тұғырды» алды. Бәйгеден бастайық. Әлнұр Назарбаевтың «Мамайқарасы» «үздік бәйге аты» атанды. Ал Түркістан облысынан келген Сырым Ізбасаров аударыспақтың мықтысы екен. Білекті жігіт алтын тұғырды осымен үшінші мәрте иеленді. Әуелгісі 2013, 2014-те бұйырған. Ал бұл жолғы басты сыйлықты «үздік жаттықтырушы» ретінде еншіледі. 

Сырым Ізбасаров, «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері:

- Аударыспақтың мерейі өте жоғарыда. Аударыспақ енді дамып келе жатқан ұлттық спорт түрі. Бұрын да бұдан 5-6 жыл бұрын Түркістан, ШҚО, Алматы, Жамбыл облыстары еді, қазір барлық облыстың палуандары өте мықты. 8 алтын болса, 8 алтынды бәрі бөліп алады. 

Ал Жамбылдың ересектер құрамасы «Үздік көкпар командасы» атанды. Үздік теңге ілуші атағын түркістандық Ғалымжан Ізжанов жеңіп алды. Жамбы атудан Айкөз Ералхан «үздік мерген» атанса, маңғыстаулық Айшуақ Тайманов «Үздік құсбегі» номинациясы бойынша алтын тұғырды еншіледі. Ал Алматыдан келген Нұрбол Бимағамбетов үздік жаттықтырушы, ал әнші Досымжан Таңатаровтың бастамасымен жүзеге асқан «Өнер көкпары» «жылдың үздік» жобасы атанды.  

Рахат Жақсыбай  ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:

- Ұлттық спорт қауымдастығының жанында арнайы алқа бар. Сол алқада талқыланады. Және ең маңыздысы бұл жерде спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижесіне бірінші кезекте басымдық беріледі. екіншіден ішкі чемпионат, оның ішінде ҚР чемпионатын ұту жағдайы басымдыққа ие. Биыл біз жаңадан жыл федерациясы аймақтық федерациялардың жұмысына баға берейік, оларды да ынталандырайық деген ниетпен жыл федерациясы деген арнайы номинацияны қостық. Сондай ақ жыл жаңалығы деген номинация қостық. Бұл бағытта Бабажан Бағдәулетті есімді азамат құсбегіліктен де чемпион, жамбы атудан да ең үздік нәтиже көрсеткендіктен жыл жаңалығы дейтін номинацияны бердік. 

Ел тағатсыздана күткен жүлде «Үздік көкпаршы». Бұл атақ жамбылдық Құрманбек Тұрғанбекке бұйырды. Көкпардан «Әулиеата» командасының және ел құрамасының сапында өнер көрсететін 24 жастағы Құрманбекті көпшілік «қазақтың Мессиі» дейді. Бекер емес, кеше ғана аргентиналық алтын допты 7-рет иеленсе, «қазақтың Мессиі» алтын тұғырды осымен 4-мәрте төбесіне көтерді.

Құрманбек Тұрғанбек, «Алтын тұғыр» сыйлығының иегері:

- Сіз мені Мессимен салыстырып жатырсыз ғой. Мен бүкіл дүниежүзілік көшпенділер ойынында 37 гол соққан болатынмын. Қырғызстан елінде 37 салым салып, сол жерде ғасыр ойыншысы атағын алған болатынмын.

- Ал биыл қанша салым салдыңыз?

- Биылғы ел чемпионаттарында орта есеппен 30-дың үстінде. Финалда, полуфиналда қатты көзге түсу керек, сол кезде еңбекті бағалайды. 

Салтанатта тек үздік спортшы, жаттықтырушылар ғана марапатталып қойған жоқ. Ұлттық спортты қолдап, жанашыр болып жүрген жандардың да мерейі өсті. Бірқатары «Елімжан» арнайы төсбелгісімен және ұлттық спорт қауымдастығы құрметті президентінің алғыс хатымен марапатталды.

Қорған Қонысбайұлы, Жандос Сұлтанғазы