Хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан үш кездесу өткізеді

Хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан үш кездесу өткізеді
Спорт Mail.ru

Данияда хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың кезекті күні қазақстандық құрама есе жіберді. Жерлестеріміз бұл жолы Норвегия хоккейшілерімен жолыққан. Матч 5:2 есебімен аяқталды. Ұлттық құрама тағы 3 кездесу өткізеді. Нәтижесінде 1 құрама ғана бірінші дивизионнан топ-дивизионға шығады.

Ел үздіктері анықталды

Бокстан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты аяқталды. Биылғы бәсеке Щучинск қаласында өтті. 5 күнге созылған жарыс нәтижесінде 12 салмақтағы жеңімпаз анықталды. Атап айтқанда, жеңіл салмақтарда Алуа Балқыбекова, Назым Қызайбай, Жайна Шекербекова, Дина Жоламан және Карина Ибрагимовалар топ жарды. Орта салмақтарда елордалық Римма Волосенко, Аида Әбікеева, Валеньтина Хальзова және алматылық Дариға Шәкімова қарсылас шақ келтірмеді. 75 келіде Надежда Рябец кезекті рет өз мықтылығын дәлелдеді. Ал ауыр салмақтарда шымкеттің қос қызы Фариза Шолтай мен Дина Исламбекова ел чемпионы атанды. Жалпыкомандалық есепте елордалық құрама жеңіске жетті. Олардың еншісінде 3 алтын, 3 күміс және 2 қола бар. Екінші және үшінші орындарға Шымкент пен Алматы қаласының қыздары жайғасты.

Қазақстанның командалық чемпионаты

Үстел теннисінен Қазақстанның командалық чемпионаты аяқталды. Оның соңғы, яғни 4-кезеңін Қарағанды қабылдады. Бәсекеге бас-аяғы 20-дан аса команда қатысты. Яғни Суперлигада 10, ал жоғарғы лигада 23 клуб өнер көрсетті. Нәтижесінде Суперлига кубогін шымкенттік Sigma иеленді. Ал команданың бас бапкері Ердәулет Оразбаев «Чемпионаттың үздік жаттықтырушысы» атағын жеңіп алды. Екінші орын «Астана» командасына бұйырса, үздік үштікті ақтөбелік клуб түйіндеді. Ал маусымның үздік ойыншысы атағы елордалық Денис Жолдуевке берілді. Жарыс қорытындысы бойынша жолы болмаған «Қарағанды-2» және «Жетісу» командалары дивизионнан кетеді. Олардың орнына алдағы жылы тағы бір шымкенттік және қырғызстандық клуб келеді.

Ауыл балалалары шаршы алаңға шықты

Алматы облысы Іле  ауданы Жетіген ауылында спорт кешені ашылып, дәл осы залда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған бокстан жасөспірімдер арасында жарыс өтті. Ауылдан шығып, әлемді мойындатқан  Бақыт Сәрсекбаев пен Қанат Сиқымбаев секілді есімі елге таныс азаматтар балғын боксшылардың аяқ-алысын байқап көрді. Бокс әліппесін енді ғана ашқан өрендер олимпиада мен әлем чемпионы болған ағаларының алдында  бар шеберліктерін көрсетуге тырысты. Ең жеңіл салмақта Миран Айтжан жеңіс тұғырынан көрінсе, 34 келіде топ жарған Жасұлан Қаратай мен 52 келіде бас жүлде алған Абылайхан Қожабергеннің болашағынан мамандар зор үміт күтеді. 36 келіде қарсыластарын түгел ұтқан Жәнібек Жақыптың да жігер мінезін жұрт жақсылыққа балады.  

Данияр Тоқсанбаев, жарысты ұйымдастырушы:

- Назым Қызайбай қарындасымыз – осы ауылдың қызы. Оны бәріміз мақтан тұтамыз. Сол секілді Бақыт Сәрсекбаев ағамыз келіп отыр. Солардан тәлім-тәрбие алып, бой түзеп, болашақта чемпиондар өсіп шығады деген үміттеміз. 

Дастан Сәдуақасов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы:

- Осындай турнирлер  көп болса, біздің еліміздің спорты дамиды. Боксы дамиды ары қарай біз осындай үлкен нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Жастарды өсіру керек.