Геннадий Головкин келесі кездесуіне қатысты мәлімдеме жасады

Геннадий Головкин келесі кездесуіне қатысты мәлімдеме жасады

Орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) өзінің Instagram парақшасында келесі кездесуі туралы мәлімдеме жасады, деп жазады Vesti.kz.

Отандасымыз 2021 жылдың желтоқсан айында жапониялық WBA Super белбеуінің иегері Риота Муратамен (16-2, 13 КО) кездесу өткізуі керек болатын. Бірақ Жапонияда коронавирусқа байланысты карантин шаралары күшейтіліп, айқас кейінге қалды. Енді бұл жекпе-жек көктемде өтуі мүмкін. 

«Жаттығу лагеріне қайта оралып, командамды көргеніме қуаныштымын. Жуырда Жапонияда өтетін айқастың нақты күні айтылады деп үміттенемін. Дайындалып жатырмыз», – деп жазды Головкин. 

Айта кетейік, биыл Головкинмен Крис Юбен (Ұлыбритания) және Хайме Мунгия (Мексика) секілді боксшылар кездескісі келетінін айтты. Сонымен қатар биыл ол Сауль «Канело» Альвареспен кездесуі мүмкін деген де әңгіме бар.