Бүгін Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде жабылады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұл шараны Qazaqstan, Qazsport және «Хабар» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Тікелей эфир Нұр-Сұлтан уақытымен 17:20-да басталады. Еске салайық, Бейжіңдегі Олимпиаданың ашылу салтанатында шорт-трекші Абзал Әжғалиев пен конькиші Екатерина Айдова Қазақстанның туын алып шыққан болатын. Бейжіңдегі Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын 34 спортшы қорғады. Олар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түсті. Өкінішке қарай, бірде-бірі жеңіс тұғырынан көріне алған жоқ. Олимпиада эстафетасын Бейжіңнен 25-кезекті ойындар өтетін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалалары қабылдап алады.
