Қазақстандық стенд атушы қыздар Кипрде «қола» ұтып алды

Қазақстандық стенд атушы қыздар Кипрде «қола» ұтып алды
olympic.kz

Жерлестеріміз жүлдеге ілікті. Дәл қазір Кипрдің Никосия қаласында стенд атудан әлем кубогы өтіп жатыр.

Жарыстың кезекті күні әйелдер арасындағы трап бәсекесі болды. Командалық сында ел намысын Сәрсенгүл Рысбекова, Айжан Досмағамбетова және Мария Дмитриенко үштігі қорғаған. Қазақстандық қыздар соңғы сында Германия құрамасынан басым түсіп, қола жүлдегер атанды. Ал алтын мен күмісті Америка және Аустралия өзара сарапқа  салды. Айта кетейік, әлем кубогының кезеңі 20 наурызға дейін жалғасады. Сәйкесінше қоржындағы медаль санын арттыруға мүмкіндік бар. Бұл жарысқа бас-аяғы 16 спортшымыз қатысып жатыр. Оның нәтижесі бойынша жеңімпаздарға рейтингілік ұпай беріледі. Бұл көрсеткіш 2024 жылы Парижде өтетін олимпиадаға қатысуға жол ашады. Еске сала кетейік, Токио Олимпиадасында ұлттық құрама сапындағы Зоя Кравченко өнер көрсеткен болатын. 

«Челси» ширек финалға шықты. Футболдан чемпиондар лигасының кезекті кездесулері өтті. Оның аясында «Лилль» және «Челси» клубтары екінші рет жолықты. Францияда болған матч қонақтардың басымдығымен аяқталды. Алдымен Бурак Йылмаз 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Артынша Кристиан Пулишич таразы басын теңестірген. Бірақ, 71-ші минутта Сесар Аспиликуэта соққан гол матч тағдырын шешті. Айта кетейік, қос команда арасындағы алғашқы мачта да «Челси» жеңді. 2:0 есебі тіркелген еді. Сондықтан лондондық клуб нық сеніммен ширек финалға шығып отыр. Ал «Лилль» үшін биылғы маусым аяқталды.

ЧЛ: "ВИЛЬЯРРЕАЛ" 3:0 "ЮВЕНТУС"

Іріктеу кезеңі аясындағы ең соңғы матч Италияда өтті. Бұнда "Вильярреал" мен "Ювентус"  ширек финал жоладмасын сарапқа салған. Айта кетейік, алғашқы матч тең нәтижемен аяқталып еді. Қарымта ойында да біразға дейін есеп ашылмады. Тек 78-ші минутта Херард Морено 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Артынша командаласы По Торрес нәтижені еселеді. Ал, қосымша уақытта Арно Данжума қорытынды нәтижені 3:0-ге жетізді. Осылайша "Вильярреал" жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Бұған дейін "Реал Мадрид", "Манчестер Сити", "Бавария","Ливерпуль" "Атлетико" және "Бенфика" ширек финалға шығып қойды. Ендігі кездесулер кестесі ертең, яғни жеребе тарту рәсімінен кейін белгілі болады.