ЧЛ: «Ливерпуль» «Бенфиканы» ұтты

ЧЛ: «Ливерпуль» «Бенфиканы» ұтты

Ливерпуль Бенфиканы ұтты. Футболдан чемпиондар лигасының ширек финалы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның аясында Англия және Португалия клубтары Лиссабон қаласында жолықты. Есепті қонақтар ашты. 17-минутта Ибраима Конате мергендігімен көзге түсті. Ал 34-минутта командаласы Садьо Мане таблодағы көрсеткішті еселей түсті. Екінші кезеңде Дарвин Нуньес мүмкіндігін мүлт жібермей, есеп айырмасын қысқартқан. Бірақ таразы басын теңестіріп үлгермеді.  Матч соңында Луис Диас гол соғып, қорытынды нәтижені 3:1-ге жеткізді. Енді қос команда 13 сәуірде «Энфилд» стадионында қарымта матч өткізеді.

Юрген Клопп, «Ливерпуль» клубының бас бапкері:

—«Бенфиканы» өз алаңында ұту – өте қиын. Жанкүйерлері де оларды жақсы қолдады. Біз оңтайлы тұстарды сәтті пайдаланып, 2 гол соғып үлгердік. Ал матчың екінші бөлігінде біраз қателік жібердік. Қазір 2 гол айырмасымен алда келеміз. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Енді қарымта ойынға дұрыстап дайындалу қажет.

Чемпиондар лигасы аясындағы тағы бір тартысты матч Манчестер қаласында өтті. Жергілікті «Манчестер Сити» өз алаңында мадрдттік Атлетиконы қабылдады. Кездесудегі жалғыз голды 70-минутта жартылай қорғаушы Кевин Де Брёйне соқты. Алаң иелері қарсыластар қақпасына бас-аяғы 15 соққы жасады. Бірақ жанкүйерлер басқа голды көрмеді. Осылайша Хосеп Гвардиола баптайтын жігіттер 1:0 есебмен алға шықты. Ал енді нағыз жеңімпаз 13 сәуірде өтетін қарымта матчта анықталады.

Хосеп Гвардиола, «Манчестер Сити» клубының бас бапкері:

—Қарсыластар қорғанысқа мықты. Сондықтан оны бұзып жарып, гол соғу қиынға соқты. Бұл жерде барынша сабырлы болу керек. Қарымта матчта оңайға соқпайды. Өзіме қажетті дүниелерді түртіп алдым. Енді екінші кездесуде әлдеқайда белсенді болуға тырысамыз.

Қоржында 7 медаль. Тайландттың Пхукет қаласында бокстан халықаралық турнир жалғасып жатыр. Оған 15 елден 130-дан аса қатысушы жиналған. Іріктеу сындарының нәтижесінде 7 жерлесіміз жартылай финалға шықты. Оның ішінде ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов соңғы жекпе-жекте филиппиндік қарсыластын нокаутпен ұтты. Дәл осылай орта салмақтағы Сұлтан Мусинов та айқасты уақытынан бұрын аяқтады. Ол вьетнамдық Ву Тан Датамен жолығып, 1 минуттың ішінде қасыласын 2 рет нокдаундқа жіберді. Кейін төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Сонымен қатар орта және ауыр салмақтардағы Санатали Төлтаев, Аятулла Тәкежанов , Сағындық Тоғамбай, Айбек Оралбай, Нұрбек Оралбайдар да жарысты жалғастырады. Ал 75 келідегі Тимур Нұрсейітов ширек финалда есе жіберіп, келесі кезеңге өте алмады. Пхукет қаласындағы турнир 10 сәуірге дейін жалғасады.

«Астана» шабандозы 16-орында. Испанияның таулы-қыратты аумағында велокөпкүндік жалғасып жатыр. Басков елдері турының екінші кезеңінде спортшылар 207 шақырымды бағындырды. Бұл сында франциялық Жюлиан Алафилипп топ жарды. Ол аталған аралықты 5 сағат 4 минут 35 секундта жүріп өтті. Үздік үштікті тағы бір франциялық және бельгиялық қатысушылар түйіндеді. Қазақстандық клуб сапынан ең тәуір көрсеткішке Александр Рябушенко қол жеткізді. Ол кезең қорытындысы бойынша 16-сатыға тұрақтады. Андрей Зейц пен Стефан Де Бод мәреге, сәйкесінше, 59-шы және 101-ші болып жетті. Алда әлі 4 кезең бар. Испаниядағы жарыс 10 сәуірге дейін жалғасады.