ЧЛ: «Манчестер Сити» жеңіске жетті

ЧЛ: «Манчестер Сити» жеңіске жетті

Футболдан УЕФА чемпиондар лигасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарыстың кезекті күні жартылай финалдық алғашқы матч өтті. Оның аясында «Манчестер сити» мен Реал Мадрид Англияда өзара мықтыны анықтады. Есепті алаң иелері ашты. Екінші минутта Кевин Де Брёйне мүмкіндігін мүлт жібермеді.

Артынша командаласы Габриэл Жезус те мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын еселеген. Бірақ қонақтар сапындағы Карим Бензема 33-минутта қарымта гол соқты. Бұл жағдай екінші кезеңде де қайталанды. Алдымен Фил Фоден өз командасын алға шығарған. Араға аз уақыт салып Реал шабуылшысы Жуниор Винисиус таблодағы нәтижені 3:2-ге жеткізді.

Матч соңында Бернарду Силва мен Карим Бензема тағы бір-бір голдың авторы атанды. Осылайша алғашқы матч 4:3 есебімен аяқталды. Нағыз жеңімпаз енді екінші ойында белгілі болмақ. Қарымта кездесу 4 мамырда Мадрид қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Хосеп Гвардиола, «Манчестер Сити» клубының бас бапкері

Ойын аса тартысты өтті. Қос команданың да жеңіске деген ұмтылысы керемет. Біз матч алдындағы жоспарларымызды жүзеге асырдық. Бірақ ойламаған жерден гол жіберіп алдық. Сондықтан айқын басымдық таныта алмадық. Бір аптадан кейін қарымта мачт болады және Мадридке тек қана жеңіске жету үшін барамыз.