Дзюдошы Дина Ержанова Бразилиядағы Сурдлимпиадада қола жүлдегер атанды

Дзюдошы Дина Ержанова Бразилиядағы Сурдлимпиадада қола жүлдегер атанды

Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтіп жатқан XXIV жазғы сурдлимпиадалық ойындарда батыс қазақстандық Дина Ержанова сурдо дзюдодан қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, Д.Ержанова 52 келі салмақта жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Дина Аралбекқызы 2018 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт клубында (директоры Әскербек Нұрмұханов) спорт түрлерімен шұғылданып келеді.

Осы аралықта ол сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионы, ел кубогінің иегері атанды. 2021 жылы Франция мемлекетінің Версаль қаласында өткен әлем чемпионатына қатысты. Дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Дина 2004 жылдың 12 наурызында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында тұрады.

Дина Орал қаласындағы облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатын тәмамдаған.