Нұр-Сұлтанда «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу өтті

Нұр-Сұлтанда «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу өтті

Елордада қазақ күресінен ересектер арасында жарыс өткізілді. Бұл республикалық «Қазақстан барысы» турниріне іріктеу боп есептеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы бәсекеге бас-аяғы 100-ге жуық палуан қатысты. Алдымен олар 8 салмақ бойынша үздіктерді анықтады. Артынан түйе палуандар сынға түсті. Бұл жарысқа 25 спортшы араласты. Нәтижесінде Айбат Сейтен қарсылас шақ келтірмей, жеңімпаз атанды. Екінші орынға Олжас Шынкев жайғасса, Айтуар Айтулов үздік үштікті түйіндеді. Сәйкесінше, алдыңғы екеуі республикалық турнирге жолдама алды. Дәл осындай форматтағы жарыстар еліміздің басқа өңірлерінде өткізіліп жатыр. Кейін топ жарғандары шілденің басында елодрадағы Барыс Аренаға жиналып, Қазақстан барысы атағына таласады.

РЫБАКИНА ЖЕҢДІ, БУБЛИК ЖЕҢІЛДІ

Францияда теннистен жылдың басты бәсекесі Ролан гарос турнирі өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні екінші айналым кездесулері болды. Нәтижесінде ұлттық құрама сапынан Елена Рыбакина америкалық Кэти Волынецты айқын басымдықпен ұтып, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Ерлер арасында қазақстандық Александр Бублик сербиялық қарсыласына жол беріп, жекелей сындағы бәсекені аяқтады. Дүбірлі додада күтпеген нәтижелер де тіркеліп жатыр. Мәселен, әлемдік рейтингте сегізінші тұрған Каролина Плишкова 227-орындағы теннисшіден ұтылды.Бұдан басқа да алдыңғы ондыққа кіретін 5 спортшы жарысты ерте аяқтады. Ал ерлер арасында Рафаэль Надаль өзінің 300-ші жеңісіне қол жеткізді. Ол екінші айналымда жергілікті Корентен Мутені айқын басымдықпен ұтты. Басқа фаворттер де алғашқы айналымдардан сүрінбеді. Франциядағы турнир 5 маусымға дейін жалғасады.

ҚАЗАҚСТАН ӨТІНІШІН ҚАЙТАРЫП АЛДЫ  

Әлем чемпионатын қабылдамаймыз. Дәл қазір Финляндияда халықаралық хоккей федерациясының конгересі өтіп жатыр және оның аясында 2026 жылғы дүниежүзілік доданы ұйымдастыратын елдердің өтініші қаралады. Қазақстандық тарап өз құжатын қайтарып алды. Сәйкесінше, үміткер ретінде тек Швейцария қалды. Егер оны мақұлдайтын болса, байрақты бәсеке Цюрих және Фрибург қалаларында өтеді. Швейцария 2020 жылғы жарысты да ұйымдастыруы қажет еді. Бірақ пандемияға байланысты тоқтатылды. Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жуырда ғана әлем чемпионатында өнер көрсетіп, 7 қарсыластың алтауына есе жіберді. Тек Италиямен болған ойында ғана жеңіске жетті. Соның арқасында алдағы жылы элиталы топта өнер көрсетуге мүмкіндік алды.