Қазақстандық қос теннисші Еуропадағы турнирді сәтті бастады

Қазақстандық қос теннисші Еуропадағы турнирді сәтті бастады
olympic.kz

Еліміздің бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Александр Бублик сәтті ойын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлемнің 21-ракеткасы Е.Рыбакина Хертогенбос (Нидерланды) WTA 250 жарысының алғашқы айналымында америкалық Джейми Лобпен кездесті. Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:4, 7:5 есебімен тізе бүктірді. Е.Рыбакина 10 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді. Еленаның екінші айналымдағы қарсыласы кейін анықталады. А.Бублик жекелей сында Штутгарт (Германия) ATP 250 додасында бастапқы кездесуін америкалық Денис Кудламен өткізді. Қазақстандық спортшы 7:6 (7:3), 7:5 есебімен ұтты. Ол 12 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ. Александр екінші айналымда «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы, ұлыбританиялық Энди Марреймен күш сынасады. Биыл өзара екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.