Елена Рыбакина тұңғыш рет Уимблдон турнирінің жартылай финалына шықты

Елена Рыбакина тұңғыш рет Уимблдон турнирінің жартылай финалына шықты
ҚТФ

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі.

Ұлыбритания ашық чемпионатының 17-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 44-орында тұрған аустралиялық Айла Томляновичпен кездесті. 

Бірінші партия барысында алға кеткен аустралиялық теннисші сол басымдылығын сақтай алды - 6:4. 

Екінші сетте Елена Рыбакина есе қайырды - 6:2. 

Үшінші, шешуші партияда да қазақстандық спортшы қарсыласына дес бермеді - 6:3. 

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Рыбакина 15 эйс жасап, 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. 

Осылайша, Елена қазақстандық теннисшілер арасынан алғаш рет Уимблдон турнирінің жартылай финалына өтті. Ол финалға шығу үшін әлемнің 18-ракеткасы, «Үлкен дулыға» жарысының екі мәрте жеңімпазы, румыниялық Симона Халеппен кездеседі.