Е.Рыбакина: Мен — Қазақстан азаматымын

 

Уимблдон – адамзат тарихындағы ең көне турнир. Спортық мәдениет қалыстасқаннан бері күні бүгінге дейін келе жатқан өміршең сайыс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді бұл турнирдің де тарихында отандасымыздың есімі алтын әріппен жазылады. Бұл отандық спорттағы үлкен серпіліс.

Алайда осы бір айтулы турнирдің биігіне көк туымыз көтерілгелі алдымен ресейліктер жеңісті өз атына жаза бастады, кейіннен ел арасында түрлі әңгіме тарады. Алып-қашпа сөзге теннисші журналистермен кездесуінде нүкте қойды.

Елена Рыбакина, Wimbledon-2022 жеңімпазы:

- Мен Қазақстанға келмей тұрып, жасөспірімдер арасындағы сайыстарда өнер көрсеттім. Ал жасөспірімнен ересектерге өту оңай емес. Біріншіден, сенің жаныңда кәсіби жасақталған команда болу керек. Мен мұндай оймен келіспеймін, біз бұл деңгейге жету үшін көп еңбектендік. Мен Қазақстанның азаматымын. Құжатымда да көрсетілген. Ал мекенжайға келсек, соңғы екі жылда ешжерде тұрақтаған емеспін. Түрлі сайыстар мен жаттығуларда жүрмін. Бірақ, жетістіктерімді тек Қазақстанмен байланыстырамын.

Қай тараптың да Еленадан кемшілік іздеп, кінә артуы орынсыз. Түптің түбінде теннисшінің өзі айтқандай ол туған жерді таңдап алған жоқ.

Юрий Польский, ҚТФ вице-президенті:

- Мен түсінбеймін, неге ресейлік әріптестер бұл жеңісті өздерінің атына жазғысы келеді. Егер олар шын мәнінде Еленамен жеңіске жете алатын болса, оны оңай жібермес еді. Бұл сұрақтың нүктесін қою керек деп есептеймін. Елена Ресейде жете алмаған жетістікке Қазақстанда жетті. Бұл оның және біздің ортақ жеңісіміз.

Уимблдон жеңімпазы енді елдегі теннистің дамуына қолғабыс етпек. Ол алдымен федерация ұсынған сыйақыдан бас тартты. Сондай-ақ, елдегі жас спортшылардың дамуына қаржы бөлетін болды. Бұл шешімді спортшы былай түсіндіреді.

Елена Рыбакина, Wimbledon-2022 жеңімпазы:

- Маған осы уақытқа дейін федерация көп көмектесті, әлі де қолдап келесіздер. Осы жетістікке жеткен соң, өзімнің алғысымды сөзбен ғана емес, іспен де дәлелдегім келді. Бұл біздің ортақ жеңісіміз, әрі қарай да ауыз толтырып айтарлық жетістіктерге бірге жетеміз деген сенімдемін.

Шын мәнінде, бұл жеңіс елдегі жас спортшыларды жігерлендіретіні анық. Спортқа енді қадам басқан бүлдіршіндер де Уимблдон жеңімпазымен жолығуды армандайды. Енді Үлкен Дулыға иегері алыста емес. Сәті түскен уақытта жас спортшылар Елена Рыбакинамен кездесіп ғана қоймай, бірге жаттыға алады. Бүгін елордалық теннисшілерге дәл осындай мүмкіндік туды.

Мирон Мадинов, жас теннисші:

- Мен  оның жеңісіне шын жүректен қуаныштымын. Ол елдегі бүкіл теннисшілерге жігер берді. Болашақ та біз де Елена Рыбакина сияқты чемпион бола алатымызға сенемін. Біз оның жетістігін қайталауға тырысамыз.   

Сонымен қатар Елена алдағы жоспарларымен де бөлісті. Қазақстандық спортшы енді рейтингте үздік ондыққа кіріп, бірінші орынға дейін жетуге талпынады. Сондай-ақ тамыз айында өтетін Асопен турниріне қатыспақ.

Авторлары: Бекзат Аманов, Курмангазы Наурызбай