Алматы облысында стенд атудан Азия чемпионаты өтуде

Сұрмергендер сайысы. Алматы облысында стенд атудан Азия чемпионаты және халықаралық федерацияның гран-приі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған құрлықтың ең үздік спортшылары жиналды. Араларында жерлестеріміз де бар.

Аслан Қаженов, тілші:

– Құрлықтың түкпір-түкпірінен жиналғандар бірден жарысқа ден қойды. Қай-қайсы да жүлдеден дәмелі. Сәйкесінше, ату алаңы да қыз-қыз қайнап жатыр. Бірақ саланың ішінде жүргендерге болмаса, біз сияқты сырттан келгендерге ережесін түсіну қиын.

Әлішер Айсалбаев, ұлттық құрама мүшесі:

5 серия атамыз. Жекелей сында. Әрқайсысында 25 нысаннан. 125 рет атамыз. Соның қосындысымен бірінші топтағы 8 адам финалға кіреді.

Дәл осылай күнделікті 2 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Жерлестеріміздің аяқ алысы жаман емес. Жалпы ұлттық құрама бұрыннан құрлықтық және әлемдік деңгейде жақсы нәтижелер тіркеп жүр.

Олег Почивалов, Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы:

– Ендігі мақсат осы жеңіс жолын жалғастыратын өскелең толқынды дайындау. Қазірдің өзінде осы спорт түрімен елімізде мың жарым адам айналысады. Әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау және Қызылорда аймақтарындағы мектеп мықты. Олар осындай жарысқа келіп, шеберліктерін шыңдайды, тәжірибелерін толықтырады. 

Бұған қоса, байрақты бәсеке спорттық алаңдарымызды жетілдіруге және мамандарымыздың біліктілін арттыруға көмектеседі. Әсіерсе халықаралық дәрежедегі төрешілеріміз жыл санап көбейіп келеді.

Сонымен алғашқы жарыс күндерінің қорытындысы бойынша Қытай құрамасы 5 медальмен топ басына жайғасты. Екінші орында Кувейт болса, Қазақстан әзірге үздік үштікті түйіндеп тұр.